Атырау мен Боржоми қалалары арасында бауырластық қарым-қатынас орнатылмақ

(0 Votes)

Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов аймаққа ресми жұмыс сапарымен келген Грузия мемлекеті Боржоми қаласының мэрі Отар Арболишвили бастаған делегациямен кездесті.

Серік Шәпкенов Отар Арболишвилиге ілтипат білдіре отырып, өзара ынтымақтастықтың екі жаққа да табысты болғанын айтып, оны дамытуда қос тарап бірлесе жұмыс істеу керектігін айтты. Сонымен қатар Боржоми қаласы атыраулықтар үшін туристік-сауықтыру мекеніне айналғанын атап өтті.

- Жалпы Атырау қаласынан «Атырау-Кутаиси» бағыты бойынша аптасына 3 рейс орындалады. 2022 жылы Грузияға демалу үшін Атыраудан 18 мыңнан астам турист барса, оның 6 мыңға жуығы «Borjomi Palace» санаторийінде ем алды. Ал осы жылдың төрт айында 10 мыңға жуық адам барған. Қазіргі уақытта облыстың турагенттіктері мен туроператорлары грузиндік туроператорларымен белсенді байланыста,-деді С.Шәпкенов.

Кездесу барысында Атырау мен Боржоми арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықтың, туризм саласының өзекті мәселелері талқыланды.

Отар Арболишвили облыс әкімі Серік Шәпкеновке ризашылығын білдіріп, ол үшін арадағы байланыстың маңызы зор екенін жеткізді. Сондықтан Атырау қаласы бауырластық қарым-қатынас орнату туралы меморандумға қол қою үшін Боржоми қаласына шақырды.

Атырау облысының Грузиямен сыртқы сауда айналымы 2023 жылғы қаңтар-мамырда 396,9 мың АҚШ долларын құрады. Сондай-ақ қазіргі таңда Атырау облысында грузин капиталының қатысуымен 16 кәсіпорын тіркелген.

t.me/atyrauakimat/2632

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT