Екі қаланың әкімдері кездесіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Атырау әкімі бұл ынтымақтастықтың екі жаққа да тиімді екенін және жаңа құжат оны кеңейтуге мүмкіндік беретінін баса айтты. Меморандумға қол қою сәті - Боржоми күнін атап өтумен сәйкес келді, деп жазады 24.kz.
Меморандумға Боржомиде қол қойылды. Әлемге әйгілі минералды суы бар бұл демалыс орны кездейсоқ таңдалмады. Жыл сайын мыңдаған қазақстандықтар онда денсаулықтарын жақсартуға барады.
«Бір ай бұрын Боржоми қаласының делегациясы Атырауға келіп, туризм және кәсіпкерлік саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерттеді. Қонақтар мұнай өңдеу зауытында, сондай-ақ балық шаруашылығында болып, Қазақстанның туризм және бизнес мүмкіндіктерімен танысты. Қала және жалпы облыс кәсіпкерлерімен байланыс орнатты. Содан кейін туысқандық қарым-қатынас орнату туралы меморандумға қол қоюға келістік. Бұл бастама Грузия тарапына тиесілі. Қазақстандықтардың Грузияға туристік сапармен баруы жыл сайын артып келеді, – деді Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин.
2022 жылы онда 120 мыңға жуық Қазақстан азаматы демалған. Кутаиси әуежайына келген жолаушылардың 80 пайызы Боржомиді таңдайды.
Қазақстанның Грузиядағы құрметті консулы Леван Багдавадзенің айтуынша, бауырлас қала болу бастамасы Боржоми туристік қала болғандықтан көтерілді.
«Атырау – Қазақстанның мұнайлы астанасы болғандықтан, онда жұмысшылар қиын жағдайда жұмыс істейді. Олар Боржомиге келіп, демалса денсаулықтарының жақсаруына себеп болады деп ойладым», - деді Л.Багдавадзе.
Ал Боржоми қаласының мэрі Отар Арболишвилидің айтуынша, меморандум - екі елдегі туризм және мәдени қолдау саласындағы достық пен ынтымақтастық құжаты. Бұл Грузия мен Қазақстанның болашағы үшін маңызды.
Биыл қаңтар-мамыр айларында Атырау облысының Грузиямен сыртқы сауда айналымы 396 мыңнан астам долларды құрады. Облыста грузин инвестициясының қатысуымен жиырмаға жуық кәсіпорын тіркелген.