Атырау қаласы аумағындағы Жайық жағалауын бекіту жұмыстары аяқтала келді. Бұл туралы Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин мәлімдеді,-деп хабарлайды Атырау облысның ТЖ жөніндегі жедел штаб.
- Қазіргі уақытта бөгеттердің осал тұстары мен қауіпті деген аймақтарды назарға алып, жағалауларды нығайту үстіндеміз. Жұмыс барысы толық бақылауымызда. Бөгет бекіту жұмыстары кезінде бір күнде 9 мың қала тұрғындары еріктілер қатарына қосылды. Мен осы жұмыстарға ат салысқан қала тұрғындары мен еріктілерге, әскерилерге, мемлекеттік қызметкерлерге алғысымды айтамын,-деді Ш.Кейкин.
Айта кетейік, жағалауды бекіту жұмыстарын тиімді жүргізу үшін қала 111 секторға бөлінген. Бүгінгі күні жоспар бойынша соғылуы тиіс 250,8 шақырым бөгеттің 229,6 шақырымы аяқталды. Құрылыс жұмыстарына 822 арнайы техника жұмылдырылып отыр.
Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы