Әр іс елге деген жанашырлықпен жасалуы тиіс

Әр іс елге деген жанашырлықпен жасалуы тиіс
(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында: "үкімет мүшелері, әкімдер, депутаттар және барша қоғам өкілдері әрдайым отаншылдық идеясына адал болуға тиіс. Әр іс елге деген жанашырлық ниетпен жасалуы керек. Әрбір қадамымыз елге пайдасын тигізуі қажет. Біз еліміздің байлығын үнемдеп пайдалансақ, табанды еңбек етсек, салық төлесек, өз өнімдерімізді сатып алатын болсақ, түрлі жобаларға инвестиция салсақ, мемлекетіміздің қуатын арттыра түсеміз. Демек Отанымызға да, отбасымызға да пайдамыз тиеді деген сөз." - деп мәлімдеген еді.Бүгінгі күні қоғам өкілдері мен бірге қоғамдық бірлестіктер игілікті істер атқарып келеді.

Бұл сөзімізге дәлеле ретінде, жақында облыстық «Ақ ниет» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен мерекелік шара өтті. Бұл шараға аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов пен аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлжан Жумалиева қатысты. Айта кетейік, үстіміздегі жылдың шілде айында «Ақ ниет» қоғамдық бірлестігі аудан орталығынан филиалын ашқан болатын. Бүгінгі күні қоғамдық бірлестіктің мүшелер саны көбейіп келеді. Осылайша, аз уақыт болса да аудан көлемінде ұйымдастырылған барлық мәдени, әлеуметтік шаралардан тыс қалмай бірлестік мүшелерін қатыстырып, ауқымды іс-шаралар жасауға мұрындық болып жүрген, аудандағы ұйым мүшелеріне қамқорлық танытып жүрген «Ақ ниет» қоғамдық бірлестігінің ықпалы зор екендігін айта кетуге болады.Осы уақытқа дейін «Мектепке жол» акциясы мен мүгедектігі бар жандар мен жалғызбасты және көпбалалы аналарға арналған «Білімді ұрпақ-ел болашағы» атты іс-шара өтті. Осындай мерекелік шараның ұйымдастыруына атсалысып жүрген бірлестіктің төрағасы Асхат Карин қонақтарға жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар,Исатай аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов те мерекелік кештің меймандарына ақжарма тілегін айта келіп, Асхат Каринге аудан әкімі атынан Алғыс хаты мен арнайы сыйлығын табыс етті.Сондай-ақ, әкімдіктің қолдауымен даярлаған жаңажылдық сыйлықты үлестірді. Қашанда қолдауын білдіріп, жанашырлық танытып жатқан аудан басшыларына қоғамдық бірлестік төрағасы ризашылығын жеткізді.

– Демеушілер арқылы біздер қоғамдық бірлестік мүшелеріне азық-түлік себеттерін тарту еттік. Сондай-ақ оқу жылына қарсы «Мектепке жол» акциясы аясында балаларға сөмке, дәптерлерін, мектепке қажетті құралдарын алып беріп, көмек көрсетіп келеміз. Үкіметтік емес ұйымдарға ешқандай бюджеттен ақша бөлінбейді. Біздер барлығын демеушілер арқылы жүзеге асырамыз. Бүгінгі іс-шараның өтуіне ықпал жасаған «Әсем-ай» мейрамханасының басшыларына ризашылығымызды білдіреміз. Осындай үлкен сауапты іс жасап, жақсы отырыстың өтуіне үнемі қолұшын созып отырады. Сондай-ақ Жаңа жыл мерекесіне санаулы күн қалды.Біздер соны ескеріп, демеушілердің ықпалымен жаңа жылдық сыйлықтарымызды ала келдік. Бұл жерде бастысы, сіздерге ниетімізді білдіру ғана,-деді Асхат Карин.

Осылайша, бірлестіктің мүшелеріне жаңа жылдық сыйлықтар таратылып, оларға мерекелік дастархан жайылды.

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT