Nur Otan – Қазақстанның қарқынды дамып, өркендеуін мақсат тұтқан партия. Ол – еліміздегі жетекші саяси күш! Еліміздің өсіп-өркендеуі алдымен оның ұстанған басты бағыт-бағдарына байланысты. "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасының жүзеге асуы арқылы аймақтағы өзекті мәселелердің шешімі табылмақ.
Пандемия халықтың әл-аухаты мен кәсібіне кері әсерін тигізді. Ал, азаматтарға қолдау көрсету - партияның басты ұстанымдарының бірі. Партияның аудандық филиалы да пандемия кезінде мақаттықтарға қол ұшын созып, көмек көрсетті. Сайлауалды бағдарламаның да көксегені осы. Азаматтарға көмек көрсету, олардың әл-ахуатын жақсартып, сапалы өмір сүруіне жол ашу.
«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламаның әр бағыты бойынша қазір ауданда жүйелі жұмыс жоспары құрылып, жауаптылар іске кірісті. Жол картасында 7 басым бағыт бойынша 86 іс-шара, 81 көрсеткіш жоспарланып отыр. 2021-2025 жылдар аралығында аудан бойынша 2 ірі инвестициялық жобалар іске асырылатын болады. Оның ішінде: 2021 жылы – 5 жоба, 2022 жылы – 5 жоба, 2023 жылы – 5 жоба, 2024 жылы – 6 жоба, 2025 жылы – 7 жоба.
Іс-шаралардың басым бөлігін қамтитын «Әлеуметтік бағдарланған аудан» бағытында қарастырылған жұмыстар арқылы білім, спорт, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада сапалы қызметтерге қолжетімділік артады. Сондай-ақ, аудан тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға күш салынбақ.
Жол картасында көрсетілген жоспар бойынша алдағы уақытта Доссор кенті ауруханасының ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ, бұл бағытта жеті дәрігер (жалпы тәжірибелі дәрігер, офтальмолог дәрігер, лор дәрігер) тапшылығын шешу жоспарға енгізіліп отыр. Оған қоса алдағы бес жылдықта 2 жедел жәрдем көлігі жаңартылмақ. Осындай ауқымды жобаларды жүзеге асыру арқылы мұнайлы өңірдегі өмір сүру ұзақтығы орташа есеппен 74 жасқа дейін артады.
Спорт саласы бойынша ауданда алдағы бес жылдықта 2 спорт кешені және 4 ойын алаңы салынса, биыл Мақат кентінде спорттық кроссфит кешені пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, Газшылар ықшам ауданынан спорт – ойын алаңдарының құрылысы жоспарға енгізіліп отыр. Осылайша 2025 жылға қарай аудан тұрғындарының дене шынықтыру және спортпен шұғылдану үлесі 22,5%-ға өсуі тиіс.
«Әлеуметтік бағдарланған аудан» бағытындағы басты мақсаттың бірі – білім сапасын жақсарту. 2021 жылы республикалық трансферт есебінен білім беру ұяларына 1025 компьютерлік техника және жергілікті бюджет есебінен 200 ноутбук және 206 планшетпен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамын 35 пайызға дейін арттыру жыл сайын 275 педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру жоспарланып отыр. «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша жас ұстаздарға қолдау көрсетілмек. Осы орайда, "Nur Otan" партиясы өзіне жүктелген міндеттерге баса назар аудармақ. Алдағы бес жылдықта Мақат кентінде екі 160 орындық балабақша салу көзделіп отыр. Мектептерде пәндік кабинеттермен оның ішінде робототехника, кең жолақты интернетпен, жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықтау жұмыстары жолға қойылды.
Өңірде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта құру – партияның басты мақсаты. Қолайлы орта қалыптастыру үшін бұған дейін қолға алынған «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Халыққа көмек» жобалары әрі қарай өз жалғасын таппақ.
«Экономикалық тұрақты аудан» бағытында көзделген тұрақты экономикалық даму және халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту жұмыстары басты назарда. Ауданның экономикалық тұрақтылығы өндіріс, ауыл шаруашылық, құрылыс және сауда саласын дамыту арқылы жүзеге асатыны белгілі.
«Экономикалық тұрақты аудан» бағыты бойынша ауданда өңдеу өнеркәсібін әрі қарай дамыту үшін 2 инвестициялық жоба жүзеге асыру жоспарланып отыр. Яғни, қуаттылығы 48 мВт жел электр станциясын іске қосу және Ескене елді мекенінің аумағынан қуаттылығы жылына 1 млрд. нано текше метр газды кешенді дайындау қондырғысының құрылысы салынбақ. Алдағы бес жылдықта 6037 жұмыс орнын құру көзделген. 2025 жылға дейін жұмыссыздық деңгейін 4,7 пайызға төмендету міндеті тұр.
Сондай-ақ, кәсіпкерлерді қолдау бағыты бойынша «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында биыл 2 жобаны субсидиялауға қолдау танытылса, алдағы жылдары тағы 8 жоба қолдауға ие болмақ. Одан әрі жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 17 жобаға қайтарымсыз гранттар беру жоспарда қарастырылған.
Жол картасында қарастырылған 7 басым бағыттың «Жайлы аудан» бағыты бойынша азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, таза су мен таза ауаның, жағдайы жақсы жолдардың қолжетімді болуы үшін жүйелі жұмыстарды қолға алмақ. Осы бағытта бірқатар жұмыстар жүзеге асады. Алдағы бес жыл көлемінде жыл сайын 500 ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша ауданда 21,1 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беріп, Доссор және Мақат кенттерінен 60 пәтерлік 2 тұрғын үй салынып, 120 отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Доссор кентінде тәулігіне 1800 т.м болатын су тазалау ғимараты құрылысының 2 кезеңін салу жұмыстары қолға алынды.
Жол сапасын жақсарту – халықтың жақсы өмір сүру сапасының көрсеткіші. Аудан тұрғындарының көршілес аудан және облыстарға автомобиль арқылы қатынау мүмкіндігі мол. Алайда, сапасыз салынған жолдардың қолбайлау болатыны белгілі. «Nur Otan» партиясы бұдан әрі жол сапасын жақсартуды қолға алды. Биыл аудан бойынша 32,3 шақырым автомобиль және 12,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынбақ. Бес жыл ішінде Мақат және Доссор кенттеріндегі теміржол вокзалының перрондарын күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда.
«Жастар – ел болашағы» ретінде Елбасы, партия төрағасы Н.Назарбаев оларға үлкен сенім артатынын жеткізген еді. Жаңа ұрпақ еліміздің стратегиялық бағытының қозғалтқышына айналуы керек. Сайлауалды бағдарламаның «Жастарға арналған аудан» бағыты бойынша да жүйелі жұмыстар легі жалғасын табады.
Ауданда жастар ресурстық орталығы белсенді жұмыс жасауда. Орталық жастардың патриоттық тәрбиемен кемелденуіне, рухани жаңғыруына, азаматтық-құқықтық көзқарастарының қалыптасуына, жастар арасында бұқаралық спортты дамуына зор үлес қосып келеді. Бұл бағыттағы ілкімді істердің қатары артпақ. Сондай-ақ, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысын ұйымдастыру арқылы жаз мезгілінде 70 жас жұмысқа тартылады. «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында жыл сайын өз ісін ашуға және бизнесті жүргізуге кемінде 5 жасқа несие беріледі. «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша жыл сайын жас маманды жұмыспен қамту қарастырылған. Осы жоспарлы жұмыстарды атқара отырып, 2025 жылға дейін жұмыссыздық деңгейі 1,1%-ке дейін төмендейді.
Мұнайлы Мақатта талай дүлдүл тұлғаны, өнердің даусыз дарындарын Қазаққа сыйлады. Олардың ерен еңбегі ел есінде үздіксіз жаңғырып тұруы тиіс. Бұл мәселенің де Сайлауалды бағдарламада көрініс табуы - заңдылық. «Тарих пен мәдениетті дамыту» бағыты бойынша алдағы 5 жыл ішінде Жастар ресурстық орталығы ғимаратынан көрме орталығын ашу, Бәйгетөбе ауылдық округінен ауылдық клуб құрылысын салу қарастырылған. Таскешу керуен сарайын насихаттауды жоспарлап отырмыз.
«Ашық және есеп беретін жергілікті атқарушы органдар» бағытының берері көп. Өйткені, әр елдің дамуы – билік пен бұқара арасындағы байланысқа тікелей қатысты. Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі - жемқорлықпен күрес болса, партияның осы бағыт бойынша атқарар жұмыс жоспары бекітілді. Әрине, басты назарда – осы өзекті мәселе.
Азаматтарға биыл электронды форматта көрсетілетін мемлекеттік қызметтер үлесін 95 пайызға жеткізу жоспарланған. Жыл сайын бұл көрсеткішті арттыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар, 2025 жылға қарай «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынылатын мемлекеттік қызметтерді 100 пайызға жеткізу назардан тыс қалмайды.
«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген «Қауіпсіз аудан» бағытында аудан тұрғындары үшін еш кедергісіз аймаққа айналдыру көзделді. Мақаттықтардың, сондай-ақ, аудан қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға дейін өңірде бейнебақылау камералар саны 70-ге жетеді. Сондай-ақ, алдағы 5 жыл ішінде Доссор кентіне полиция бөлімшесінің ғимаратын салу және Доссор кентіне өрттен қорғау мақсатында бір тіркемелі өрт сөндіру модулін сатып алу көзделіп отыр.
Аудан көлемінде әрбір сала және басты бағыттар бойынша жауапты мәслихат депутаттары айқындалып, аумақтық кеңестер іске кірісті. Алдағы уақытта жоспарлы жұмыстар өз нәтижесін бере бастайды.
Сайлауалды бағдарламаның әр бағытында көрсетілген атқарылуы тиіс жұмыстар, әлбетте, халық игілігі үшін. Барлық бағыт бойынша жұмыс жоспары құрылды. Жұмысшы топтың да жиыны жиі өтіп тұрады. Ауданның дамуы билік пен бұқара арасындағы тығыз байланыстың нәтижесі. Халықтың әр ұсынысы мен өтінішіне назар аудару - «Nur Otan» партиясының басты ұстанымы.
Ә.ҚАРЖАУОВА,
«Nur Otan» партиясы Мақат аудандық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары