Қасиетті Рамазан айын тойлау аясында Атырау мұнай өңдеу зауытында «Қамқорлық менен және сенен басталады» қайырымдылық жәрмеңкесі өтті.
Іс-шарада зауыт қызметкерлері өз қолдарымен жасаған кондитерлік өнімдер, сусындар, қолөнер бұйымдары, балаларға арналған ойыншықтар мен кәдесыйлар сатылымға шығарылды. Қолайлы бағадағы сапалы өнімдерді сатып алуға жиналғандардың саны көп болды.
«Біздің зауытта жұмыстан тыс уақытта қолөнермен, тапсырысқа тәттілер дайындаумен айналысатын талантты жұмысшылар өте көп. Олардың туындыларын әріптестерге таныстыру үшін, сондай-ақ Рамазан айында қайырымды іс жасау мақсатында жәрмеңке ұйымдастырылды. Зауыттықтар бастамамызды қолдап, ұсынылған тауарларды белсенді түрде сатып алып жатыр. Қайырымдылық мақсаттағы мұндай шараларды жиі өткізу жоспарда бар», - деді «АМӨЗ» ЖШС бас директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Сәлімжан Нақпаев.
Жәрмеңке аясында жиналған қаражат аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмек көрсетуге жұмсалатын болады.