АМЕРИКАДА ПРЕЗИДЕНТПЕН КЕЗДЕСКЕН ДАНИЯР

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа жасаған жұмыс сапарында Нью-Йорк қаласында қазақстандық DigitalNomads IT қоғамдастығының жастарымен кездескен болатын.

Президентпен кездесу мәртебесіне ие болғандардың қатарында Доссор кентінің тумасы, Google компаниясының қызметкері Данияр Қайырболатов та болды. Газетіміздегі «Мақат маңайынан» айдарының кейіпкері болған Даниярмен әлеуметтік желі арқылы байланысып, кездесуден ерекше әсер алғанын білдік.

«Бұрын-соңды Президентімізді көрмегендіктен Қасым-Жомарт Кемелұлы бізбен кездесетінін естігенде қуанып кеттім. Ол жерде біраз ұсыныстар мен ой-пікірлер айтылды. Бастысы, барлығын Президентіміз назарына алады деген ойдамыз. Біздер, шет елдегі қазақстындықтар әрдайым өз Отанымыздың қолдауын сезініп жүреміз. Технология саласынан тәжірибе жинап болғаннан кейінгі мақсатымыз - туған жерге оралып, қызмет ету», - деп жерлесіміз алдағы жоспарымен бөлісе кетті.

Бейресми жағдайда өткен кездесуде Қазақстанда ІТ саласын дамыту перспективалары мен қазіргі әлемдік үрдістер талқыланған болатын.

Айта кетейік, аталған қауымдастық әлемнің түкпір-түкпірінде алпауыт технологиялық компанияларда жұмыс істеп жүрген қазақстандық IT-мамандардың басын біріктіріп отыр. Бүгінде оның құрамында 400-ден астам IT-маманы бар. Бұдан бөлек, DigitalNomads өкілдері шетелдік IT-материалдарды қазақ тіліне аударуға бағытталған жобаларды жүзеге асырып жатыр. Осылайша, олар елімізден жырақта болса да, мыңдаған шақырым жерде тұрып, Қазақстанның тұрақты дамуына үлестерін қосып жатыр деуге болады.

-"Ұйымдасқан ұтады" - деген қанатты сөз бар! Бір табысты мысалға тоқтала кетейін. Бір кездері АҚШ пен Еуропаның жоғарғы оқу орындарында білім алған Үнді елінің азаматтары, қазақ жастары сияқты өздерінің IT-мамандарының қауымдастығын құрған болатын. Уақыт өте келе осы топтан шыққан Үнді жастары әлемдегі танымал IT-компанияларда басшылық лауазымдарды иеленді. Қазіргі уақытта олар өз отандастарының стартаптарын қолдай отырып, өздерінің еліне қомақты инвестиция тартып жатыр. Мен қазақ жастары да отандық IT-саланы қолдай отырып, туған еліміздің дамуына қолұшын созғанын қалаймын, - дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өз Instagram парақшасында.

 

                                                                                                   А.Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521