Алматыда көлік инфрақұрылымы үшін 18 жер телімі мемлекет меншігіне алынады

Алматыда көлік инфрақұрылымы үшін 18 жер телімі мемлекет меншігіне алынады
Фото: Алматы әкімдігі
(0 Votes)

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының әкімдігі мемлекет мұқтажы үшін 18 жер учаскесін иеліктен шығару туралы бірқатар қаулы қабылдады.

Құжаттарға сәйкес, бұл жер телімдері автотұрақ, автобус айналатын алаң және автобус паркінің құрылысын салу мақсатында алынады. Оның ішінде Наурызбай ауданы, «Құрамыс» шағын ауданындағы Ақселеу Сейдімбек көшесі бойында орналасқан 0,0641 және 0,0740 гектар болатын екі жер телімі бар. Олардың орнына әлеуметтік нысандарға арналған автотұрақ алаңының құрылысы жоспарланған. Аталған жер телімдері бойынша иеліктен шығару рәсімін аяқтау 2028 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр.

Келесі қаулыда Наурызбай ауданында орналасқан 15 жер телімін мәжбүрлеп иеліктен шығару бекітілді. Бұл учаскелер Абай даңғылының солтүстігінде және Медеубеков көшесінің шығысында орналасқан. Онда қаланың қоғамдық көліктері айналатын алаң салынады. Рәсімдерді 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар әкімдік қаулысымен 2024 жылғы 21 қазанда қабылданған бұрынғы шешімге өзгерістер енгізілді. Онда Медеу ауданы Кұлжа трассасында орналасқан, ауданы 6,35 гектар болатын жер учаскесі иеліктен шығарылатыны нақтыланған. Бұл жерде жаңа автобус паркінің құрылысы жоспарланып отыр. Мәжбүрлеп иеліктен 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін орындалуы тиіс.

Алынған барлық жер телімдері Алматы қаласының жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының қарамағына беріледі. Меншік иелері өтемақыны Қазақстан Республикасының Жер кодексі мен «Мемлекеттік мүлік туралы» заң талаптарына сәйкес алады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда екі көшені ұзарту үшін 34 жер телімі мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне алынатынын жазғанбыз.

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT