АСТАНА. KAZINFORM – Астық экспорты шығындарын субсидиялау есебінен алынған кіріс 150 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінде астықты тасымалдаудың өзекті мәселелеріне арналған отырыста Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы айтты.
- Астықтың экспорт географиясы әлемнің 45 елін қамтып отыр. Отандық астыққа тұрақты сұраныс сақталған. Соңғы 5 жылда алғаш рет Иранға 1 млн, Әзербайжанға 700 мың тонна астық жөнелтілімі қайта жанданды. Бұған дейінгі көлемнен ондаған есе көп. Сонымен қатар елімізге дәстүрлі емес Бельгия, Польша, Норвегия, Португалия сияқты Еуропа мемлекеттерінің нарығына астығымыз жеткізіліп жатыр, - деді ол.
Оның атап өтуінше, астық экспортына қатысты министрлік бірқатар бағытты басымдық ретінде қарастырып отыр. Олардың қатарында Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия және Араб елдері нарығы бар. Бұл ретте Марокко, БАӘ, Вьетнамға 180 мың тонна астық жөнелтілді.
- Астық экспортының рекордтық көлеміне тасымал шығындарын субсидиялау оң әсерін тигізді. Биыл астық тасымалдау шығындарын субсидиялауға 31 млрд теңге қарастырылды. Осы қаражатпен 1 млн тоннадан астам астықты қамтыдық. Бүгінде аталған 31 млрд теңгенің 21,8 млрд теңгесі бөлінді. Осы бөлінген қаражат есебінен экспортталған өнімнен түскен жалпы кіріс шамамен 150 млрд теңге болып отыр. Осы жылдың жоғары өнімділігін ескере отырып, ереже күшін 1 жылға – 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұзарттық, - деді вице-министр.
Осы орайда ол мәселелердің де бар екенін атап өтті.
- Биыл қарастырылған қаржыға субсидия өтінімдерін қабылдадық. Онымен «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясы айналысып жатыр. Бірақ әлі 9,2 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды күтіп отырмыз. Бүгінде шаруалардың экспорттық шығындарын субсидиялауға берген өтінімдері бізде тұр. Келесі жылы да осы жұмысты жалғастырмақпыз. Ол үшін келесі жылы 30 млрд теңге қажет. Соған қолдау білдірулеріңізді сұраймыз. Өйткені келесі жылы бұл бағытқа қаржы қарастырылмаған, - деді Ермек Кенжеханұлы.
Бұған дейін Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов көлік саласы астықтың жаңа өнімін тасымалдауға толығымен дайын екенін айтқан еді.