ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН

ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН
(0 Votes)

Қазақ халқы ежелден-ақ тұрмыс-тіршілігін төрт түлікпен байланыстырған. «Мал-жаның аман ба?» деп амандық сұрасудан бастайтын дәстүріміздің өзі төрт түліктің халқымыз үшін қаншалықты маңызды екенін аңғартады.

Төрт түліктің амандығы тек ауыл тұрғындары үшін ғана емес, жалпы адамзаттың денсаулығы мен өмір сүру сапасына тікелей ықпал етеді. Осы ретте, мал дәрігерінің еңбегі дәрігерлердің қызметімен бірдей маңызды. Адам денсаулығы дәрігерге аманат болса, төрт түліктің саулығы мал дәрігерінің мойнында.

Исатай ауданында мал шаруашылығының тұрақтылығына, төрт түліктің саулығын сақтауға үлес қосып жүрген азаматтардың бірі – Аққыстау ауылдық округінің ветеринар дәрігері Алдаберген Салихов. Мамандығына адалдығымен, кәсіби шеберлігімен танылған ол – 36 жылдық еңбек өтілі бар нағыз тәжірибелі маман.

–         1989 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік инс-титутын ветеринар мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолымды Жылой ауданының Қосшағыл-Қаракөл кеңшарындағы қой фермасында бастадым. Кейін ауданға оралып, Чапаев кеңшарында жұмыс істедім. 2012 жылдан бері күні бүгінге дейін Аққыстау ауылдық округінің ветеринариялық пунктінің меңгерушісі қызметін атқарып келемін. Бұл салаға келуім – бала кезден көрген тәрбиенің нәтижесі. Әкем зоотехник маманы болды. Сол жылдары ауылдың әр үйінде ең аз дегенде екі-үш сиыр болатын еді. Әкем мал күтіміне үлкен мән беріп, бізге де осыны үйретті. Сондықтан болар, бұл мамандықты таңдауым әкемнің жолын жалғау деп білемін,-дейді Алдаберген Салихов.

Кейіпкеріміздің сөзінше, ветеринария – тек мал ауруын емдеумен шектелмейтін, үлкен жауапкершілік пен біліктілікті талап ететін сала. Әсіресе қауіпті індеттермен күресу оңай емес. «Ауру малды емдеп қана қоймай, олардың күтімі мен азықтандыру тәртібі туралы иелеріне кеңес береміз. Кейде қауіпті аурулармен бетпе-бет келеміз. Мұндай жағдайларда өзімізге жұқтыру қаупі жоғары болғанымен, сақтық шараларын қатаң сақтаймыз. Әр күні жоспар бойынша сегіз сағат жұмыс істейміз, бірақ шын мәнінде уақытпен санасып отыратын кездер сирек. Мал иелерінен түскен шақыртулар саны күніне бес-алтыға дейін жетеді. Әсіресе, көктем мен жаз мезгілінде маса, кене тәрізді зиянкестердің көбейген кезінде мал аурулары да өршиді. Мұндай шақтарда қан алып, дәрі егіп, мал қораларын зиянкестерге қарсы улау сияқты жұмыстар атқарылады. Қазір ауылдағы жағдай тұрақты», – дейді ол.

Бүгінгі таңда жастар арасында ветеринария мамандығына қызығушылық артып келеді. «Соңғы екі-үш жылда біздің мекемеге жұмыс сұрап немесе тәжірибе алуға келетін жас-тар көбейді. Бұл қуантарлық жағдай. Өзімнің тәжірибемді жас мамандарға үйретіп, саланың дамуына аз да болса үлес қосқым келеді», – дейді маман.

Мал дәрігерінің еңбегі көзге көрінбейтін, бірақ ауыл шаруашылығының дамуында шешуші рөл атқаратын маңызды кәсіп екені сөзсіз. Қандай жағдай болмасын, Алдаберген Салихов өз мамандығын мақтан тұтады. «Бұл таңдауыма ешқашан өкінген емеспін. Әкемнің жолын жалғап, ауылға пайдам тиіп жатса, бұл мен үшін үлкен жетістік. Әр мамандықтың өзіндік маңызы бар, бірақ мен үшін мал дәрігері болу – қоғам үшін еңбек етудің бір жолы»,-деп түйіндеді ол. Міне, мамандығына адал осындай жандардың арқасында ауыл шаруашылығы тұрақты дамып, халық игілігі арта түсуде.

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT