АЭС ел экономикасына қалай әсер етеді?

(0 Votes)

Атом электр станциясы – дамыған елдер үшін тұрақты энергия көзінің негізі. Ұзақ мерзімді перспективада АЭС электр энергиясының бағасын тұрақтандырып, энергетика саласындағы қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік береді. Бұл станцияны салу арқылы мемлекеттің энергетикалық тәуелсіздігі мен тұрақтылығы қамтамасыз етіледі, сол себепті көптеген ел атом энергиясын өз болашағының маңызды бөлігі ретінде қарастырады.

 Әлемде атом электр станцияларының құрылысы қарқынды жүруде. Мәселен, Қытай – әлемдегі ең көп АЭС салған ел, оның 55 қондырғысы жұмыс істеп тұр. Одан кейін Үндістан, Ресей, Түркия және Оңтүстік Корея сияқты елдер де АЭС құрылысын жеделдетуде. Таяуда Египет өзінің алғашқы АЭС-ін салуды бастады, ал Өзбекстан да осындай қадамға дайындалуда. Бұл көрсеткіштер әлемдік трендтің АЭС-тің энергетикалық маңыздылығын арттырғанын дәлелдейді.

Қазақстанда да атом электр станциясын салу туралы мәселе күн тәртібінде тұр. Бұл бастаманың ел экономикасына мультипликативті әсері айтарлықтай болмақ. Ең алдымен, АЭС құрылысы мен эксплуатациясы жоғары білікті кадрлар әлеуетінің өсуіне ықпал етеді. Құрылыста 8000 адамға дейін жұмыс орны ашылса, эксплуатация кезеңінде 2000 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бұған қоса, әрбір жұмыс орнына іргелес салаларда 10-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

АЭС салу жергілікті өнеркәсіпті дамытуға және жанармай базасын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Оның үстіне, атом энергиясы 60 жылдан астам уақытқа тұтынушыларды тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге қабілетті.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, АЭС құрылысы жергілікті кәсіпкерлікке серпін береді. Құрылыс және монтаждау жұмыстары кезінде 2,5-3,5 млрд. доллар табыс түседі деп күтілуде. Сонымен қатар, АЭС қызмет ету кезеңінде салық түсімдері 2,5-3 млрд. доллардан асады. АЭС-тің тағы бір маңызды әсері – елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруы.

Экологиялық тұрғыдан да АЭС-тің тиімділігі мол. Ол парниктік газдар шығарындыларын жылына 10 млн. тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның экологиялық мәселелерін шешіп, тұрақты дамуға бет алуына ықпал етеді.

Қорыта айтқанда, Қазақстанда АЭС салу – өнеркәсіпті дамыту, энергетикалық тәуелсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, сонымен қатар экономикалық өсімді арттыру үшін маңызды қадам. Мұндай жоба елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтып, ұзақ мерзімді тұрақты даму жолына жетелейді. Сондықтан барша қазақстандықтың 6 қазанда өтетін референдумға қатысып, өз таңдауларын жасағаны жөн-ақ.

Ақмарал ЖАЛҒАСБАЕВА,

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті экономика ғылымдарының кандидаты, профессор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT