АДАЛ ЕҢБЕК АБЫРОЙҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

АДАЛ ЕҢБЕК АБЫРОЙҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ
(0 Votes)

«ЕҢБЕК АДАМЫ – ЕЛДІҢ ҚҰТЫ» ДЕП БЕКЕР АЙТПАЙДЫ. ЕЛГЕ СЫЙЛЫ, ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ АДАМНЫҢ БАҒАСЫ АДАЛ ЕҢБЕК, МАҢДАЙ ТЕР ДЕП ЖАТАДЫ. ЕҢБЕК АДАМЫ РАСЫНДА ДА ЕЛДІҢ ҒАНА ЕМЕС, АУЫЛ-АЙМАҚТЫҢ ҚАДІРЛІ ТҰЛҒАСЫ САНАЛАДЫ.

Ауданымызда елдің дамуы жолында еңбектеніп жүрген қаншама қарапайым жұмысшы маманды қ иелері бар. Солардың бірі – аудандық мәслихат аппаратының іс жүргізушісі Ләззат Бақтығалиева. Ләззат Сапарқызының аудандық мәслихат аппаратында еңбек өтіліне  жиырма бір жыл толады екен. 1984 жылы Махамбет орта мектебін бітірген соң Астрахань электротехникумына  оқуға түскен ол мамандығы бойынша оқуын ойдағыдай аяқтап, есепші ретінде курстар оқып, қосымша игеріп шығады. Ең алғашқы еңбек жолын 1988 жылы аудандық ішкі істер бөлімі жанындағы күзет бөлімшесінде пультоператр болып бастап , 1991 жылға дейін жұмыс жасайды. 1991-2001 жыл-дары аудандық байланыс  торабында кадр бөлімінің меңгерушісі, құжат бөлімі операторы, кассир қызметтерін атқарған. Одан соң Қазақтелеком бөлімшесінде байланыс бөлімінің техник-механигі болады. 2004 жылдан бастап күні бүгінге дейін Ләззат аудандық мәслихат аппаратында іс жүргізуші, архив құжаттарын реттеуші қызметтерін атқарып келеді.

«Аудандық мәслихатта білікті , білгір бір азаматтармен әріптес болдым. Мен мәслихатта 8 сайланым болса, оның 6 сайланымдағы хатшыларын, атап айтқанда Ұзақбай Төлегенов, Асқар Құрманбаев, Марат Мырзашев, Қайыржан Мажиев ағалармен қызметтес болғанымды мақтан тұтамын. Ол кісілерден көп үлгі алып, біраз тәжірибе жинадық. Сонымен қатар марқұм Сайлаубай Тәжбентаев, Гүлмаш Қайырғалиева сынды аға-апалармен де бірге еңбек еттік. Зейнеткерлік жасқа келіп, құрметті демалысқа кеткен тәжірибелі мамандар Ибатолла Даулетов, Марат Сабырғалиев, Ғали Лұқпановалармен де бірнеше жыл қоян-қолтық жұмыс жасадық. Бүгінде мәслихат аппаратының ұжымы да өте тату, бірлікте, қай жұмысты да бірігіп атқарып келеміз. Кезінде еңбекқор ата-анамыз «айналаға шуақ сеуіп, өсіңдер, адал жүріп, адал тұрыңдар!» деп батасын беретін. Сол батасы дарыған болар»-дейді кейіпкеріміз Ләззат.

Аудандық мәслихат аппаратында жиырма жылдан астам еңбек еткен Ләззаттың алған марапаттары да жетерлік. Атап айтсақ, 2014 жылы Атырау облысы мәслихат хатшысы С.Лұқпановтың алғыс хатын, 2015 жылы Махамбет аудандық мәслихат хатшысы А.Құрманбаевтың алғыс хатына ие болған. 2019 жылы Ләззат Сапарқызы «Атырау облысы мәслихаттарына – 25 жыл» мерекелік медалін де кеудесіне тақты. Сондай-ақ ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 2021 жылы аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталған. Сонау 1993 жылы ең алғаш мәслихаттар сайланымын құру кезінде аудандық аумақтық сайлау комиссиясында мүше болған Ләззат Сапарқызы «тоқырау жылдарынан кейін еліміз еңсесін көтеріп, жұмысшы мамандардың да лайықты орны қоғамда ескеріліп жатқаны қуантады» дейді. Бүгінде сол қиындықтардан бірге өткен жолдасы Мұратбек Жұмашев пен ұрпақ қызығын көріп отырған Ләззат Бақтығалиеваның еңбек жолына тек табыс тілейміз.


А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT