Абай мұрасы - ұлтымыздың рухани байлығы

(0 Votes)

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып белгіленді. Бұл күн – біртұтас қазақ баласын бірлікке шақыратын, адамгершілікке үндейтін, «бірің­ді қазақ бірің дос» тұтатын қас­тер­лі күн!

10 тамыз – Абай атамыздың жарық дүние есігін ашқан күн. Бұл қуаныш Ұлы ақынның биылғы 175 жылдық мерейтойына тамаша тарту болып отыр.

Иә, биыл тұтас ел болып қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан дара тұлға Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өткелі отырғанымыз белгілі.

Мерейтойды атап өту жөніндегі Жарлыққа президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қол қойып, қолдау танытқан болатын.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» газетінде «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарыққа шықты. Аталған мақалада қазақ қоғамының рухани өмірінде, ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше тұлғаның өмірі мен шығармашылығының мәні кеңінен сөз етіледі. Президент өз мақаласында Абай мұраларының қазіргі қоғамға қаншалықты қажет екендігін айтады.

Абай өмір сүрген заман мен қазіргі уақыттағы адамдардың сана-сезімі, ой-өрісі, өркениеттік даму деңгейі әр түрлі болғанымен, ұлы ойшылдың туындылары арқылы болашақ ұрпаққа жеткізбек болған ойлары бүгінгі күні де өз құнын еш жоғалтқан емес.

Қазақтың ұлы ақыны өз шығармалары арқылы адами қасиеттерді қозғай отырып, жаман әдеттерден арылу, жақсы қасиеттерге ұмтылу секілді қасиеттерді жеткізеді.

«Адам болам десеңіз, оған қайғы жесеңіз...» деп толғанған Абай адам болудың қағидаттарын ұсынады. Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым секілді нәрселерге асық болып, өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, бекерге мал шашу секілді кесірлерден алыс болуға шақырады. Күллі адамды қор қылатын надандық, еріншектік, зұлымдық мақтаншақтықпен күресіп, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек секілді қасиеттерге ұмтылу қажеттігін көрсетеді.

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек»,- деп кемеңгер Абай толғағандай адам баласы осы үш қасиеттің басын қосса, оны үлкен әлеуметтік ізгі күшке айналдыратын ғылым деп пайымдайды. Сөйтіп ғылым-білімді махаббатпен көксегенде ғана нағыз адам болатынын жеткізеді. Абайдың тереңдігі сол діни таным мен қоғамдық сананы, ғылым мен білімді, ұлттық құндылықтарды шебер сабақтастырып, барша жұртты «адам болуға» үндейді.

Абай нағыз адамды білімділік, ақылдылық, біліктілік, ғылымсүйгіштік қасиеттер анықтайды деп тұжырымдайды. Адамшылықтың мұратына жетудің негізгі құралы шығармашылық ойлау, екінші шарты еңбек деп түсінеді. Абайдың айтуынша, еңбек – адам болмысының айнасы, өмір сүру құралы. Ал ғылымды игеру, тану, білімді болу маңдай тер мен тынымсыз еңбек арқылы келеді.

Қалың еліне дем беріп тәуелсіздік үшін күресте де, тәуелсіздік тұсында да жұртына бағыт-бағдар, қайрат-жігер берген Абай қазіргі індеттен арпалысып күйзелген халқын өз рухымен жебеп, жырымен емдейтін құдіретке ие.                   

Абай күні – қазақтың ізгілік пен өркениет өріне басқан тағы да бір қайырлы қада­мы!

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT