Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы қарсаңында еліміздің мәдени-ағарту саласына қатысты маңызды бастамаларды көтерді.
Президенттің айтуынша, бес жыл бұрын көтерілген Абай институтын құру туралы ұсыныс бүгінде цифрлық платформа ретінде іске асырылды. Енді оны толыққанды мәдени-ағарту мекемесіне айналдыру қажет.
Бұл бастама – ұлттық мәдениетіміз бен тілімізді халықаралық деңгейде таныту жолындағы маңызды қадам. Қазір әлемнің алпауыт елдері өз мәдениетін кеңінен насихаттау мақсатында арнайы институттар құрғаны белгілі. Мысалы, Қытайда – Конфуций институты, Германияда – Гете институты, Испанияда – Сервантес институты жұмыс істейді. Бұл ұйымдар сол елдердің тілін, мәдениетін, әдебиетін жаһандық деңгейде дәріптеп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етуде.
Президент осы үлгіні негізге ала отырып, Абай институтын негізгі серіктес елдерде ұлттық мәдениетті насихаттайтын орталыққа айналдыруды тапсырды. Бұл бастаманың алғашқы қадамдары жасалып, Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да елдерде қазақ мәдениетінің орталықтарын ашу жоспарланып отыр. Бұл – қазақ тілін, әдебиетін, ұлттық құндылықтарымызды шетелде кеңінен танытуға жол ашатын үлкен мүмкіндік.
Сөйтіп Абай институты – қазақ мәдениетінің жаһандық брендіне айналуы тиіс. Өйткені қазақ мәдениеті мен әдебиеті тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде насихатталуы керек. Шетелдегі қандастарымыз бен қазақ тіліне қызығушылық танытқан өзге ұлт өкілдері үшін мұндай орталықтардың ашылуы – қазақ тілін үйренуге, төл өнерімізбен танысуға үлкен қолдау болмақ.
Сонымен қатар халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бұл бағыттағы белсенділігі ерекше назар аударуды қажет етеді. Ұйым қазақ тілінің өрісін кеңейтуге, оны ғылыми, іскерлік және мәдени байланыстардың маңызды құралына айналдыруға бар күшін салуда. Сондықтан Президент айтқандай, бұл бастаманы тұтас қоғам болып қолдауымыз керек.
Мәдениет – тек ғимараттар мен мекемелерден тұрмайды. Ол – ұлттық сананың негізгі тірегі, рухани қуат көзі. Ал Абай мұрасы – тек қазақ халқына ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ қазына. Сол себепті, Абай институтын дамыта отырып, біз ұлттық кодымызды сақтап қана қоймай, оны әлемдік деңгейде танытуға, еліміздің мәдени-рухани әлеуетін күшейтуге үлес қосамыз.
Бұл – Қазақстанның мәдени дипломатиясын дамытудағы маңызды бетбұрыс. Ұлы ойшылдың идеяларын дәріптеу арқылы біз жаһандық өркениетке ұлттық құндылықтарымызды интеграциялап, рухани жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ басамыз.
Жәнібек АМАНИЯЗОВ,
Атырау облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының басшысы