Атырау облысы әкімінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі тағайындалды, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Атырау облысы әкімінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып «Атырау – Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әдиева Альфия Дәулетқалиқызы тағайындалды.
Альфия Әдиеваны қабылдап, жұмысына сәттілік тілеген облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов сыбайлас жемқорлықпен күрес қазіргі кезде ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Өңір басшысы сонымен қатар жас буынның бойында қауіпті індетке төзімсіздікті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлудің маңыздылығына да айрықша тоқталды. «Атырау-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы 2019 жылы басталды.
Жобаның мақсаты - күнделікті сыбайлас жемқорлықты жою және азаматтарға жайлы жағдай жасау, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
Айта кетерлігі, Альфия Дәулетқалиқызы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің түлегі. Біраз жыл журналистика саласында жұмыс істеген.