5 жыл ішінде ТШО жобасы аясында 3772 адам жұмысшы мамандықтарына оқытылды

5 жыл ішінде ТШО жобасы аясында 3772 адам жұмысшы мамандықтарына оқытылды
(0 Votes)

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында биыл «Теңізшевройл» ЖШС Атырау облысындағы 95 жұмыссыз тұрғынды жұмысшы мамандықтарына оқытты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бұл жоба 2025 жылғы сәуірде өз мәресіне жетті. Бес жыл ішінде компания Атырау және Маңғыстау облыстарында ұзақ және қысқа мерзімді курстар ұйымдастырып, жалпы 3772 адамды оқытты. Бұған дейін дәнекерлеуші-құрастырушы, электрмонтер, слесарь-құралшы, құбыр жүргізуші және басқа да нарық сұранысына сәйкес мамандықтар қамтылған.

Биыл тегін өткізілген 2 және 2,5 айлық курстар төрт мамандық бойынша жүргізілді: құбыр монтаждаушы, электр монтаждаушы, бақылау-өлшеу құралдары мен автоматика монтаждаушысы, металл құрылымдарын дәнекерлеуші. Үміткерлер алдын ала тестілеу арқылы іріктеліп, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көмегімен қабылданды.

Білім беру бағдарламасына қатысушыларға тегін тамақ, оқу құралдарымен толық қамтамасыз ету, сондай-ақ практикалық сабақтар арқылы кәсіби дағдыларды меңгеруге жағдай жасалды.

Өткен жылы ТШО-ның электрмонтаждаушы, КИПиА монтаждаушы, құбыр монтаждаушы және металл құрылымдарын дәнекерлеуші мамандықтары бойынша курстарын 168 адам аяқтады. Ал биыл аталған төрт мамандық бойынша 95 адам оқытылды. Олардың арасында 37 жастағы Тимур Баратов та бар. Ол электрмонтаждаушы мамандығын меңгерген.

– Бұған дейін әртүрлі жерде жұмыс істедім, жоғары білімім аяқталмаған. Қысқартуға түскен соң жұмыссыз ретінде тіркеліп, курстар туралы естіп, электрмонтаждаушы мамандығына оқуға кірістім. Екі ай оқыдым. Компания тарапынан тегін тамақ, арнайы киім берілді. Оқу кәсіби деңгейде өтті. Оқу аяқталған соң бір аптадан кейін мен үшін мансап орталығы жұмыс орнын тапты. Қазір сол жерде жұмыс істеймін. Бұл жоба арқасында жұмыссыз жүргендер мен білімі жоқ адамдар кәсіби дағдылар алып, жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды, – дейді Тимур Баратов.

25 жастағы Нұрсұлтан Байтас КИПиА монтаждаушысы мамандығы бойынша оқыған. Колледжде электрмонтаждаушы болып оқып, жұмыс істеп жүргенде қысқартуға ұшыраған ол бұл курстардан біліктілігін арттыруға жақсы мүмкіндік көрген.

– Оқу барысында 30 пайыз теория, 70 пайыз практика болды. Барлық жағдай жасалды. Аудандардан келгендерге жатақхана берілді. 20 адамның ішінде жартысына жуығы – жастар. Бұрын өндірісте жұмыс істеуді білмейтін едім, курстарда жақсы тәжірибе жинадым. Кейін біраз уақыт бейресми түрде жұмыс істеп, бір айдан кейін тұрақты жұмыс таптым. Рас, КИПиА емес, электрмонтаждаушы ретінде, бірақ курс барысында алған тәжірибем көп көмектесуде, – дейді Нұрсұлтан Байтас.

ТШО жобасы өңірдегі адами капиталды дамытуға зор үлес қосып, қиын жағдайға тап болған адамдар үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Бес жыл ішінде мыңдаған атыраулық пен маңғыстаулық сұранысқа ие мамандықты меңгеріп, еңбек нарығында өз орнын тапты.

 

Жанат Шаяхметова

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT