Жаһанды жаулаған пандемия күнделікті өмірімізге көптеген өзгерістер алып келді. Қонақтығымыз аз адаммен, ал тойды кімнен екені белгісіз «тығылып» өткізетін болдық. Сауда үйлері, фитнес залдары, кинотеатрлармен қатар, діни мекемелерге де халықтың жиналуына шектеу қойылғандықтан, жұма намазын жамағатпен оқу наурыз айынан бастап мүмкін болмады.
Санитарлардың қаулысы бір күшейіп, бір жеңілдеп тұрған шақта құлшылық орындары қалай жұмыс жасап жатқанын білу үшін Мақат орталық мешітіне бас сұқтық.
Есік алдындағы «бетпердесіз кіруге болмайды» деген жазба бетпердесін тастамайтын маған кедергі болмады. Дезинфекция құралдары тұр. Намаздың уақыты болмағасын ба, діни сауатын арттыруға ниет еткен бірлі-жарым адамның ғана қарасы көрінді. Имандылық ұясындағы жылылық есіктен кіргеннен сезіледі.
Мақат мешітінің бас имамы Біләл Сүннетқожаұлымен жолығысудың реті келді.
-Соңғы кезге дейін бес уақыт намазды арақашықтықты сақтап жеке-жеке оқуға ғана рұқсат берілсе, 2 қарашадан бастап жамағатпен оқуға мүмкіндік бар. Бірақ кіргеннен кейін топтасып отыруға болмайды. Неке қию, құран оқыту, садақа беру, дем салдыруға ешқандай шектеу жоқ. Санитарлық талапты ұстансаңыз, болғаны. Әйтпесе, ауру белең алып, жаназа шығаратын молда табу қиын боп кеткен жаз мезгілінде мешіттер келушілер үшін толық жабық болған болатын.
ҚМДБ пәтуа бөлімі және Ғұламалар кеңесі қаделерді өткізуді кейінге шегеруді ұсынды. Коронавирус бәсеңсіді ғой деп кісі қайтқан үйге барғанның өзінде құранымызды оқып, көп отырмай, кетіп қалғанның ағаттығы жоқ,-дейді имам.
Бүгінгі күні ауданымызда барлығы-3, яғни Доссор кентінде-2, Мақат кентінде-1 діни мекеме болса, жақын арада Бәйгетөбе селолық округінде де жаңа мешіттің бой көтеруі жоспарда бар көрінеді. Сонымен қатар, халықтың және демеушілердің көмегімен Мақат аудандық орталық мешітінің көлемін ұлғайту мақсатында қосымша ғимарат бой көтеруде. Әлеуметтік желіде жарнама тұрғысынан қолдау танытқан белсенділердің көмегі зор болып отыр.
Жағдай тұрақталғанша барлық талаптарды орындау - біздің міндетіміз. Бұл күн де өтер, кетер. Бастысы, Франциядағыдай асқынған діни ахуалдан сақтап, еліміз тыныштықта күн кешсін,- деп түйіндеді сөзін Біләл Сүннетқожаұлы.
Иә, аурудың беті қайтқанын барша адамзат баласы қалайды. Ол күн де келеріне сенеміз.
А.Есжан
суреттер автордан