«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов 1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай өткен салтанатты шарада Тәуелсіздік жолындағы Елбасының рөлін атап айтты»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов ел Тәуелсіздігінің халқымыз үшін аса маңызға ие екенін жеткізді.
«Халқымыз үшін азаттықтан асқан құндылық жоқ. Сан ғасырдан сарыла жеткен санадағы мұрат жаңа дәуірде жасампаз қуатқа айналды. Тұңғыш Президентіміз айтқандай: «Тәуелсіздік дәуірі дегеніміз - ұлттың бұрын өтуі мүмкін еместей көрінетін шыңыраудың шетіндегі таудың қатерлі соқпағымен жүргенмен бірдей құбылыс. Алайда біз оны да бағындыра алдық». Елбасы бастаған буын әлемге және болашақ ұрпаққа Тәуелсіз Қазақстан атты жасампаздықтың ұлы жемісін ұсынды»,-деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, Махамбет Досмұхамбетов жалпы елімізбен бірге өңірдің тәуелсіздік жылдарындағы өсіп-өркендеуіне тоқталып өтті.
«Тәуелсіздіктің арқасында Атырау облысы да бұрын-соңды болмаған жетістіктірге қол жеткізді. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту ең басты міндетіміз болды. Осы жылдарда өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 15,5%-дан 4,9%-ға дейін төмендеді. 1994 жылы өңірде белсенді жұмыс күші 175 мың адам болса, биыл 334 мыңға дейін жетті»,-деген М.Досмұхамбетов облыста тұрғындардың табиғи газбен қамтылуы 12 проценттен 99,7 процентке дейін, ал, орталықтандырылған сумен қамту көрсеткіші 35 проценттен 99 процентке дейін артқанын атап өтті. Сондай-ақ, өңірде 100 мыңнан астам отбасы баспаналы болып, 12 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені айтылды. Сонымен қатар, білім, денсаулық, спорт салаларында да жетістіктер айтарлықтай өскенін жеткізді.
«Егемендік алуымызбен еліміздің алтын дәуірі басталды. Осы кезең ішінде біз талай тарихи белесті бағындырдық. Бұған әр аймақтың қосқан үлесі зор. Соның ішінде Атырау облысының орны бөлек екенін мақтанышпен айтуымыз керек. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Атырау Қазақстанның өз тәуелсіздігін алғаннан бері қалай дамығанының символы болып саналады» деген сөзі қуаттай түседі.
Аумалы-төкпелі заманнан елдің көшін аман алып шығып, дамуға бастаған көреген Көшбасшыға халықтың құрметі де әрқашан ерекше»,-деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, композитор, «Атырау облысының Құрметті азаматы» Ілья Жақанов пен тәуелсіздік құрдастары өз тілектерін білдірді.
Өз кезегінде, Ұлыбританиядан білім алған, қазіргі сәтте НКОК компаниясында инженер болып еңбек етенін Берік Уап өзінің осы салаға келуін тарихи оқиғамен байланыстырды. Ол 2000 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қашаған кен орнын ашқанда, өзіне бата беріп, ырымдап, қазақ мұнайымен бетін сипаған жеті жасар сәтін еске алды.
Сонымен қатар, мерекелік шарада облысымыздың көркеюі мен экономикасының өсуіне өзіндік үлесін қосып жүрген өңірдің бір топ азаматтары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты шарада арнайы дайындалған фильм келушілер назарына ұсынылып, соңы концерттік бағдарламаға ұласты.