Атырауда академик Салық Зимановтың 100 жылдығына орай, ескерткіш орнатылып, мектепке есімі берілді

(0 Votes)

Атыраудағы жалпы білім беретін №37 орта мектепке Салық Зимановтың есімі беріліп, білім ордасының аллеясына қайраткердің ескерткіші орнатылды – деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Нариман Таушев, Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов, Парламент Мәжілісінің депутаты Нәзилә Раззак, қоғам қайраткері Ирак Елекеев, Атырау облыстық сотының төрағасы Бауыржан Жұмағұлов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов, Салық Зимановтың келіні Жанна Зиманова қатысты.


Олар Салық Зимановтың еңбек жолы туралы естеліктерімен бөлісіп, туған топырағында еңселі ескерткіштің орнатылуын академикке көрсетілген үлкен құрмет деп бағалады.

 
- Бүгін академик Салық Зиманұлы Зимановтың ескерткіші ашылуда. Бұл үлкен тағылымы бар оқиға. Қайраткер есімі мектепке де беріліп отыр. Академиктің 100 жылдығына арналған шаралар әлі де жалғасады – деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Нариман Таушев.

 
Салық Зиманұлы Зиманов – Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының лауреаты.


Салық Зиманов – саналы ғұмырын еліміздің өркендеуіне арнаған адам. Әйгілі ғалым егемендік елең-алаңында Тұңғыш Конституцияны әзірлеуге айрықша үлес қосты.

Академик білікті заңгер маман ретінде Қазақстанның халықаралық қарым-қатынастарын заңдастырып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, президенттік басқару институтын енгізу, құқықтық-демократиялық реформаларды жүргізу ісінде өзінің қолтаңбасын қалдырды.


1992–93 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Консультативтік кеңестің, мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі болды.

Қазақ мемлекеттігі мен қазақ халқының тарихында шешуші рөл атқарған «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның» (25.10.1990) жобасын дайындау жөніндегі комиссияны басқарды. Ел тарихындағы екінші бір аса маңызды саяси актінің – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңның (16.12.1991) жобасын дайындау жөніндегі комиссияның жетекші мүшелерінің бірі болды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT