Қараша айының 18-і күні Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай асық ату және бес асықтан батыс аймақтық турнир өтті. Сайысты аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырды.
Аймақтық деп айтып тұрғандай қатысушылар көршілес облыстардан және Жылыой, Махамбет, Исатай, Қызылқоға аудандарынен келген спортшылар мен жергілікті қыз-жігіттерден тұрды. Командалардың әрқайсысында 3 ойыншыдан болды.
Асық атудан сынға түскен ерлер арасындағы бәсекеде 9 топтан дара шыққан 4 топ финалға жолдаманы өзара сарапқа салды. Түнге дейін созылған ойындардың ақыр соңында, Мақат ауданының құрамасы алғашқы орынды ешкімге бермесе, Мақат кентінің намысын қорғаған ерлер күміс жүлде иемденді. Ал қола жүлде қызылқоғалықтарға бұйырды. Жарыстың сәні болған ең шалғайдан келген Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданының құрамасы «Жеңіске деген жігері үшін» марапатын алды.
Әйелдер арасындағы бес асықтан да жарыс жеңімпазы Мақат ауданы болды. Бұл жолы 2-орын исатайлық арулардың қанжығасында кетсе, үздік үштікті Батыс Қазақстан облысынан келгендер түйіндеді. «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясы махамбеттіктерге табыс етілді.
Турнирдің барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлері аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі атынан кубок, медаль, дипломдармен марапатталды. Осылайша бұл бәсеке ауданымыздың асықшылары аймақ деңгейінде кез-келгенімен тайталаса алатындығын дәлелдеп берді. Бөлім мамандарының айтуынша, ұлттық спорттың қатарына кіретін асық спортын дамытуға қатысты шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
А. Есжан