«Ауыл» партиясынан Абай облысы бойынша облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттығына кандидаттар облыс орталығы Семей қаласында «СемАЗ» ЖШС еңбек ұжымымен кездесу өткізді.
2006 жылы құрылған «СемАЗ» серіктестігі Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мен коммерциялық жүк техникасының отандық өндірушісі. Бүгінде кәсіпорында 400-ден астам адам жұмыс істейді. «Ауыл» партиясынан түрлі деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға кандидаттармен кездесуге партия белсенділерімен қатар жүзге жуық жұмысшы қатысты. Жергілікті мәслихаттарға кандидаттар жиынға қатысушыларға «Ауыл» партиясы сайлауалды бағдарламасының бағыттарын түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
«Ауыл» партиясы елді аграрлы-индустриялы державаға айналдыруды көздейді. «СемАЗ» сияқты отандық зауыттардың пайда болуы, техникаларды жинастыруды қолға алуы жақын болашақта өз техникамыздың пайда болуының алғышарты. «СемАЗ» кәсіпорны көпке үлгі. Зауытта еңбек адамы, оның ішінде қоғам қозғаушысы – жұмысшылар табысты еңбек етіп жүр. Біз еңбек адамына ерекше құқықтық мәртебе беруге қол жеткізу үшін күресеміз», деді жиналғандар алдында сөз алған «Ауыл» партиясынан жергілікті мәслихатқа кандидат Серік Байғалиев.
Жиын барысында кандидаттар жұмыс¬шы¬лар сауалына жауап беріп, ұсыныстарын тың¬дады. Кандидаттар «Ауыл» партиясы Мәжіліске барғанда еңбек адамына ерекше құқықтық мәртебе беруге күш салатынын айтты. «Ауыл» партиясының ауылдықтарға ғана емес, қалалықтарға да ұсынатын көптеген бағыты бар екенін атап өтті.
«Қуатты ауыл – елдің сенімді тірегі. Біз азық-түлік нарығынан артық делдалдарды ығыстыруға бар күшімізді саламыз. Фермерлерді ірі сауда орталықтарына мүмкіндігінше жақындатамыз. Партия әкімдер мен мәслихат депутаттарының халық алдындағы дербес жауапкершілігін күшейтеді. Ол үшін жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнаманы түбегейлі қайта қарайды. Олар халық алдындағы міндеттерін орындамаған жағдайда ең қатаң жазалау шараларын қолдануға қол жеткізеді», деді кандидаттар.