«Байтақ» жасылдар партиясының белсенділері Алматыда жастармен кездесті. Басқосуға саяси ұйым мүшелері – белгілі заңгерлер, дипломаттар мен саясаттанушылар қатысты.
Жүздесу аясында партия бағдарламасының негізгі бағыттары түсіндіріліп, алдағы науқанның маңыздылығы айтылды. Алдыңғы толқын ағалар қоғамда экологиялық мәдениет қалыптас¬тыру төңірегінде әңгіме өрбітіп, жастардың ой-пікірлерін тыңдады. Шаһарда үгіт-насихат жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатыр. Партия белсенділері алдағы күндері де қарапайым сайлау-шылармен және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Айта кетейік, Алматы қаласы бойынша Мәжіліс депутаттығына партиялық тізім бойынша 3 кандидат тіркелген. Мәслихат сайлауында 13 үміткер бақ сынайды.
Партия саяси кеңесінің мүшесі Айнұр Сәбитова: «Еркін диалог форматында өткен кездесу нәтижелі болды. Жастар тарапынан көп сұрақ қойылды. Оларға жан-жақты жауап берілді. Аға буын мен бүгінгі жастар арасындағы қарым-қатынас осылай жалғаса беруге тиіс деп есептейміз», деді.
Сондай-ақ «Байтақ» партиясының мүшелері Әлихан Бөкейханның рухына тағзым етті. Нақтыласақ, «Байтақ» жасылдар партиясының басшылығы мен саяси құрылым өкілдері «Алаш» қозғалысы көшбасшыларына арналған ескерткіш маңына жиналып, тарихи тұлғалардың рухына тағзым жасады.
Елордада өткен іс-шараға қаладағы қоғамдық қорлардың бірі мұрындық болды. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сынды ұлтымыздың ұлы тұлғаларына арналған ескерткіш 2021 жылы жазда ашылған болатын.
Айта кетейік, «Байтақ» партиясының респуб¬ликалық және өңірлік штабтары кестеге сай жұмыс істеп жатыр. Халықпен кездесулерде сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары кеңінен түсіндіріліп, қойылған сауалдарға нақты жауаптар беріліп жатыр. «Үгіт-насихат тобы әр аймақта, әр өңірде халықпен кездесу ұйымдастырды. Осындай қыруар жұмыс аясында біз арнайы алаштықтарға тағзым етіп келіп отырмыз. Оларға тағзым ету – тарихқа тағзым жасау», деді «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев.