Биылғы сайлаудың басты ерекшелігі – сайлаудың аралас сайлау жүйесі бойынша өтуінде.
Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізімнің пропорционалдық жүйесі бойыша, ал 30 пайызы мажоритарлық жүйе бойынша сайланады. Бұл жүйе еліміз үшін тосын жаңалық емес.
Аралас сайлау жүйесін түсіндіріп кетсек, облыстық мәслихаттар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары деңгейінде депутаттық корпус 50/50 пайыздық арақатынаста құрылады. Осылайша облыстық мәслихаттар толығымен мажоритарлық жүйе бойынша сайланады.
Конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Атап айтқанда, партия мүшелерінің санына қатысты талап өзгерді. Оның төменгі шегі төрт есе төмендеп, 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуға тиіс еді, ал қазір 200 адамға дейін төмендеді. Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде елімізде көп уақыттан бері алғаш рет бірнеше жаңа саяси партия тіркелді.
Сонымен бірге сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген бағанның енгізілуі өте маңызды шешім болды. Партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Бұл да – елімізді демократияландыру жолындағы айрықша мәні бар қадам. Сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға басқа да тың өзгерістер енгізілді. Мысалы, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді. Мұның бәрі саяси бәсекені күшейтеді, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ саясаткерлердің жаңа буынының қалыптасуына жол ашады.
Сайлау нәтижесінде бірнеше мәселелер туындауы мүмкін. Бірінші кезекте бұл депутат мәртебесін жүзеге асыру мәселесіне қатысты. Өйткені саяси партиядан сайлайтын депутаттар мен бір мандатты округтер бойынша сайланатын депутаттардың құқықтық негіздері әртүрлі.
Жақында болатын Мәжіліс депутаттарын сайлауы – бұл Қазақстанның саяси жүйесінің жаңаруының көрсеткіші екенін атап өткім келеді. Қазіргі таңда халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Олар сайлауалды бағдарламаларды таразылап, талдай алады. Сайлаудан сүрінбей өткен халық қалаулысы бар ерік-жігерін ел игілігіне жұмылдырғаны абзал. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады. Азаматтық қоғамның одан әрі дамуына айтарлықтай жағдай жасалады. Дегенмен, халық ендігі сайланатын депутаттардан үлкен үміт күтеді. Жаңадан сайланатын депутаттар еліміздің жан-жақты жаңғыруына ерекше үлес қосады деп сенемін.
Венера НАУРЫЗОВА,
Азаматтық құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі