Заңсыз иемденілген ақшаны қайтару – мемлекеттік маңызды мәселе. Кезінде монополист, олигарх, билік басындағы министрлер, әкімдер, депутаттар ақшаны шетелге көп шығарған. Мұның есебі болуы керек қой. Төлем балансы деген құжат бар, сонда қанша ақша шетке кетіп жатқаны Ұлттық банк жүйесі арқылы анық көрініп тұрады.
Әлбетте, ешкім чемоданмен ақша алып шықпаған болар. Әр жылы 20-25 миллиард АҚШ доллары сыртқа кетіп тұрған. Оның қаншасы заңды-заңсыз екенін біздегі сот жүйесі шешуі керек. Мысалы, атыраулықтардың көпшілігі Түркияның Алания қаласынан үй алып жатыр. Салыстырмалы түрде қарағанда, Атырауда жалақы жоғары болған соң олар өз еңбегімен тапқан ақшаға алса заңды болады. Дегенмен, олар да ақшаны шетке шығарған болып есептеледі.
Ал, заңды талқылаған комиссияның кейбір мүшелерінің шет елдерде, мәселен, Францияда құны бірнеше миллиондық вилласы бар екені белгілі болып, олардан мемлекеттік қызметте жүріп бұл мүлікке қалай қол жеткізгені сұралған. Осындай жағдайда сот әділ шешім шығара ма, жоқ па – мәселе сонда. Бұл – бірінші мәселе.
Екіншіден, шетелден қайтаратын активтерді қарайтын комиссия мүшелері – қазіргі билікте отырған адамдар. Қарапайым адамды олардың қатарына қоспаған. Демек, ақшаны шетелге шығаруға себепкер де сол адамдар. Олардың арасында да Президенттің ескертпесінен соң өз еркімен немесе соттың шешімімен қайтарғандар болды. «Қалғандарына да қылмыстық іс ашыла ма, сот шешімі шыға ма?» деген заңды сұрақ туындайды.
Ендеше, шекара асқан ақшаны соттың шешімімен ғана қайтару керек. Комиссия мүшелерінің еркіне қалдырмау керек деп санаймын. Былтыр қаңтарда «Қазақстан Даму банкінен кейбір олигархтар 1 миллиард АҚШ долларын алып, оны өз ақшасына қосып шетел асырған» деген сыбыс тарады.
Ал, оған біздің министрлер директорлар кеңесі мүшесі ретінде еш қарсылық танытпаған. Ал, осындай жағдайда комиссия мүшелерінің өздері мүдделі болып кетпей ме?! Сондықтан, комиссия мүшелеріне иек артпай, сырттағы ақшаны әділ соттың шешіміне сүйеніп қайтарған жөн. Шетелге кеткен активтерді қайтару жөнінде әңгіме шыққанына жыл жарымдай уақыт өтті. Айталық, Президент 150 миллиард доллардың, Ұлттық банк 80 миллиард доллардың шетел асқанын айтады. Ал, осы бір жылдың ішінде өз еркімен және сот шешімімен небәрі 1 миллиард долларға жуық ақша ғана қайтарылған. Қалған ақшаның қашан қайтатыны әлі белгісіз. Жағдай бұған тірелмеуі керек еді. Бұл істердің барлығын Азаматтық және Қылмыстық кодекстердің негізінде тексеруге болады. Президент қол қойған заң арқылы шетке өткен ақшаны бақылаушы органдар бір жолға қояды деп есептейміз. Бұл заң соларды реттеуге мүмкіндік береді. Осы заңмен көбірек жұмыс істеу керек.
Сапарбай ЖОБАЕВ,
экономист,
Қазақ технология және бизнес университетінің аға оқытушысы
Астана қаласы