Тұңғыш Президент туралы норманың алынуы реформаның демократиялығын айғақтайды

(0 Votes)

 

Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры Марат Бәшімов Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған конституциялық реформа қоғамда сындарлы түрде талқыланып жатқанын айтады.

Жұртшылық конституциялық реформаның барлық тармақтарын, соның ішінде Тұңғыш Президентке қатысты жекелеген нормаларды Конституциядан алып тастау туралы түзетулерді де зерделеуде. «91-баптағы Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде Тұңғыш Президент мәртебесінің өзгермейтіндігі туралы норманың сақталуы да қоғамда айтарлықтай қарсылық тудырып жатыр. Сондықтан Конституцияға түзетулер жобасын әзірлеген жұмыс тобының кейбір мүшелері Мемлекет басшысына Тұңғыш Президенттің тарихи рөлін негізгі заңнан алып тастау туралы ұсыныс жіберді. Бұл тарихи деректің өзі заңдық тұрғыдан айрықшалап бекітуді талап етпейді», – деді сарапшы әлеуметтік желідегі парақшасында. Ол жұмыс тобы мүшелерінің пікірі ескеріліп, түзетулер жобасына сәйкес, Тұңғыш Президент пен оның мәртебесі, өкілеттігі туралы барлық нормалар Конституциядан толық алынатынын да жеткізген. Бұл жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның демократиялық бағытын тағы да айғақтай түседі. Мемлекет басшысы сөз жүзінде емес, іс жүзінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына берік екенін растады. 

Мемлекет басшысының Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізу туралы бастамасы Ата Заңымызда жазылған басты қағидаға негізделген. «Қазіргі Конституциямызда «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп нақты әрі түсінікті жазылған. Осы қағидаға сүйенетін болсақ, Ата Заңымызға енгізілетін кез келген өзгерісті жалпыхалықтық референдум арқылы халықпен кеңесіп, қабылдау керек. Сондықтан мен Президентіміздің бұл бастамасын толық қолдаймын.

Сонымен қатар бұл ұсыныс – ел Президенті жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың лайықты жалғасы. Референдум арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді жаңарту және Жаңа Қазақстан құру бағытындағы өзі белгілеген бастамаларды жүйелі түрде жал­ғас­тырып отыр. Ашығын айтқанда, біз халықпен кеңесіп, пікірлесу жағын сәл естен шығарып алдық. Елімізде ширек ғасырдан астам уақыт бойы бірде-бір референдум болған жоқ.

Дәл қазір халықтың қолдауы Қасым-Жомарт Кемелұлына өзі бастаған саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды іске асыру жолында батыл қадамдар жасауға жол ашады. Конституцияны жаңартпай әділетті, Жаңа Қазақстан құру мүмкін емес. Алдағы референдумда халық өзінің салмақты сөзін, салиқалы пікірін білдіреді деп сенемін. Ол үшін тек халықтың үніне құлақ түру қажет.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT