Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жалпыұлттық референдум өткізу бастамасын қолдау жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сәлімжан Нақпаев және Атырау облыстық мәслихат депутаты Амангелді Абдолов ауданға іс-сапармен келді.
Алдымен кездесуді олар аудандық мәслихат депутаттары және штаб мүшелерімен бірге «Мұнай айдаушылар» елді-мекенінде орналасқан АО «ҚазТрансОйл» НПС Мақат мекемесінен бастады.
Мұнайқұбыршылармен болған кездесуде халық қалаулылары Мемлекет басшысының еліміздегі орын алған проблемаларды түбегейлі шешу және мемлекетіміздің алдағы уақытта орнықты дамуы үшін Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өткізуді ұсынғанын айтып, науқанға қатысудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында С.Нақпаев алдағы өзгерістер және негізгі заңға енгізілетін түзетулер ел болашағына елеулі әсер ететіндігі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Одан әрі кездесу аудандық мәдениет үйінде жалғасып, мәдениет қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырылды. Халық қалаулылары өз ойларымен бөлісіп, Референдумның мән-маңызына тоқталды. Сонымен қатар, ұлтымыз тағдыршешті сәтте тұрған шақта ел Президентінің жанына топтасып, Жаңа Қазақстан - екінші Республика құру идеясын қолдауға және референдумға белсенді қатысуға шақырды.
«Осы өзгеріс арқылы елде демократиялық процестер жетіліп, «биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық» деген принцип жүзеге асады. Яғни, қоғам өз өкілдері арқылы маңызды шешімдерге араласады. Осыншалық ауқымды реформаларды заңмен бекіту үшін бізге референдум қажет. Себебі бұл тек Президент не Парламент шешетін мәселе емес, бұл – бүкіл халықтың деңгейдегі міндет.Бұл референдум – жеке адамның мүддесін қорғауға емес, барша халықтың мүддесін қорғауға, мемлекетімізді жаңа қырынан дамытуға, жаңғырту және нығайтуды көздейді. Осылайша Конституцияның 3-тен бір бөлігіне өзгеріс енгізіледі. Сондықтан баршаңызды Референдумды қолдауға, бір кісідей қатысуға шақырамын», – деді Сәлімжан Нақпаев.
Одан әрі депутаттар Мақат локомотив пайдалану депосы және Мақат стансасы ұжымы қызметкерлерінің ортасында болды. Теміржолшыларға әділетті қоғамды қалыптастыру жолында бұл саяси өзгерістердің қажеттілігін айтып, оған жауапкершілікпен қатысуға және өзгерістерге дауыс беруе шақырды.
«Еліміздің болашағына араласу, келешекке деген жол таңдауға халықтың қатысуы және халықтың орны ерекше болады деп ойлаймын. Өйткені, Ата заңға өзгерту енгізу деген өте үлкен жағдай. Ол әрбір мемлекетте бола қоймайды. Халықтың араласуымен болған іс өте оңды іс болады деп ойлаймын. Референдум әр қазақстандыққа жеке таңдауын жасауға мүмкіндік береді. Мемлекеттің басты құқықтық құжатын тұрғындардың өздері қабылдайды. Маңыздылығы сонда жатыр. Дауыс беру арқылы халық өз болашағын өзі шешеді»,-деді облыстық мәслихат депутаты А.Абдолов.
Мақат желілік өндірістік басқармасы қызметкерлерімен кездесу бұл сапардың қорытындысы болды. Кездесуде референдум өткізу – демократиялық дамудың жаңа көрінісі екендігін, референдум арқылы мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылдың жаңа жүйесіне көшу жүзеге асырылатынындығын айтылды.
Әр ұжыммен кездесу барысында тұрғындар өз сауалдарын жолдап, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесулер барысында қатысушылар елдің саяси өміріндегі өзгерістерден хабардар екенін және Президент бастамаларынан оң өзгеріс, үлкен үміт күтетіндіктерін жеткізді.
М.ІЗТҰРҒАНОВА,
Суреттерді түсірген А.Жұмабергенқызы