Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына ресми сапары аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап. Мемлекет басшысы Бейжіңде Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің және жапон милитаристеріне қарсы күрестің 80 жылдығына арналған әскери парадқа қатысты. Одан кейін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің атынан берілген салтанатты қабылдауға қатысты.
Еске салайық, 2 қыркүйекте Бейжіңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері, ҚКП Орталық Комитеті Саяси бюросы Тұрақты комитетінің мүшесі Дин Сюэсянның қатысуымен қазақ-қытай іскерлік кеңесінің 8-ші отырысы өтті.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы Қытайды «тағдыр жазған сенімді көрші, жақын дос және мәңгілік стратегиялық әріптес» деп атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллар инвестиция салғанын атап өтті. Сонымен қатар, «Қытай – Еуропа» транзиттік дәлізінің Қазақстан аумағы арқылы өткізу қабілеті 5 есеге артатынын айтты. Президент энергетика саласындағы ынтымақтастықты басым бағыт ретінде атап өтіп, Қазақстан экономикасын әртараптандыруға арналған негізгі жобаларды таныстырды. Сондай-ақ Қытайды органикалық ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға шақырып, жасанды интеллект саласындағы тығыз әріптестікке үміт артатынын жеткізді. Сонымен қатар, қаржы секторында қазақ-қытай іскерлік байланыстарын нығайту қажеттігін атап өтті.
Іскерлік кеңес қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасында жалпы құны 15 миллиард АҚШ долларынан асатын 70-тен астам құжатқа қол қойылды.
Содан кейін Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы жел энергетикасы компоненттерін өндіретін зауыттың ашылу рәсіміне қатысты. Сондай-ақ CNPC директорлар кеңесінің төрағасын қабылдады, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі президентімен, Huawei Technologies Co. LTD директорлар кеңесінің төрағасы Хуа Лянмен, Sany Group Co. Ltd. директорлар кеңесінің төрағасы Сян Вэньбомен, China Energy Engineering Group компаниясының бас директоры Ни Чжэнмен және Қытай ұлттық ядролық өнеркәсіп корпорациясының (CNNC) бас директоры Шэнь Яньфэнмен кездесті. Бұдан соң Мемлекет басшысы Қытайдағы Қазақстанның Мәдени орталығының ашылу салтанатына қатысты.
1 қыркүйекте Тяньцзинь қаласында Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі. Кейін «Көпжақтылықты жүзеге асыру, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және орнықты дамуға жәрдемдесу» ұранымен өткен «ШЫҰ плюс» саммитіне қатысты.
30 тамызда Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізді.