Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Республикасына жасаған мемлекеттік сапарының екінші күні Ильхам Әлиевпен бірге Физули қаласындағы қираған жерлерді аралап көріп, шаһарды дамытуға арналған бас жоспармен танысты.
Мемлекеттер басшыларына қаланы және оның төңірегіндегі аумақтарды қайта қалпына келтіру үшін қолға алынған шаралар туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ шаһардың жаңа келбеті: келешек әкімшілік орталықтың, саябақтың және басқа да маңызды нысандардың эскиздері мен жобалары көрсетілді.
«Бұдан бөлек, екі ел президенттеріне қазіргі уақытта қалада ауқымды құрылыс және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны жөнінде баяндалды. Былтыр мамыр айында қала ішіндегі көшелер мен жолдар желісінің негізі қаланып, ауызсумен қамтамасыз ету, кәріз және жауын суының ағып кету жүйесін тарту жұмыстары басталған», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ цифрлық қосалқы станция мен «Физули» басқару орталығы іске қосылған. Сонымен қатар бір мезгілде әкімшілік ғимараттардың, коммуналдық үй-жайлардың, тұрғын үй кварталының құрылысы басталған. Қазір Физулиде 38 көпқабатты ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Физули қаласына сапармен барғанын жазған болатынбыз. Ал, екі елдің өзара қарым-қатынасы және Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға сапарынан не күтуге болатынын тілшінің шолуынан оқи аласыз.