Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов және «AMANAT» партиясы республикалық штабының мүшесі Армангүл Тоқтамұрат жұмыс сапарымен ауданға келді

(0 Votes)

16 сәуір күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов және «AMANAT» партиясы республикалық штабының мүшесі Армангүл Тоқтамұрат жұмыс сапарымен ауданға келді. Алдымен олар Доссор мәдениет үйінде кент тұрғындарымен кездесіп, маусым айында өтетін референдум, яғни Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізудің маңыздылығы туралы ойларын ортаға салды.

Партия өкілдері референдумның нәтижесінде халықтың әлеуметтік мәселелері шешімін табатынына сенім білдірді. «1995 жылдан бері жалпыхалықтық референдум өткізілген емес. Төрт рет Конституция өзгерді, бірақ барлығы парламент арқылы шешіліп келген еді. Енді үлкен өзгерістер болуына байланысты референдум қажет болып отыр. Өйткені Конституцияның 33 бабына яғни үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізілмекші. Әсіресе, ең қағидатты мәселелер жер, оның қойнауы, оның қазыналары халықтың меншігі деген концептуалды тың тұжырым жасалып отыр. Басқа да үлкен-үлкен мәселелер бар. Бастысы «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен мықты парламентке сүйенетін президенттік басқару үлгісі енгізілгелі отыр. Президент өз қолынан өкілеттіктерінің біраз бөлігін парламентке беріп, парламенттің өкілеттігін кеңейтілмек. Басқа да көптеген өзгеріс бар», деді Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Нұрбайұлы.

deputat

Жергілікті тұрғындар да референдумға қатысты сұрақтар қойып, ой-пікірлерін ортаға салды. Доссор кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұриден Байниязов жергілікті жерден шыққан, еңбегі зор тұлғалардың есіміне көше атаулары берілсе деген ұсынысын білдірсе, кент тұрғыны Қайрат Қадырбеков қазақ тілі мәртебесін көтеру, бұралқы иттерді ату заңын қайта қолданысқа еңгізу мәселелерін қозғады. Ал, Гүлжан Бисаханова әскердегі зорлық-зомбылқты болдырмау үшін қатаң заң қажеттігін алға тартса, ардагер ұстаз Руза Үмбетова сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою үшін жұмыстану қажеттігін баса айтты.

Түсіндіру жұмыстары одан әрі Р.Ғабдиев атындағы балалар өнер мектебі қызметкерлері арасында жалғасты. Ата заңның үштен бір бөлігі өзгеруі мүмкін екендігін айтқан партияның референдумды қолдайтын республикалық штабының мүшесі Армангүл Тоқтамұрат еліміздегі болып жатқан маңызды шараға бей-жай қарамай, белсенді болуға шақырды.

«Әрбір тұрғын саяси науқанға белсенді қатысуы қажет. Себебі бұдан кейін Конституцияға өзгеріс ене ме, енбей ме ол беймәлім. Және бұл саяси науқаннан кейін Үкімет те, Парламент те, тіпті Президент те Ата заңға ешқандай өзгеріс енгізе алмайды. Сондықтан, бұл біздің жалғыз мүмкіндігіміз. Егер біз бұл мүмкіндікті жіберіп алсақ, халық - билікке, билік - халыққа өкпелей алмайды. Бүгінде халықтың арасында билікке деген немқұрайлы көзқарас, өкпесі бар екені рас. Енді осы олқылықтың орнын толтыруға бізге мүмкіндік беріліп отыр. Мен – журналиспін, мен де халықпын. Сондықтан барлығымыз белсенді шынымен «Жаңа Қазақстанды» құруға атсалысуымыз қажет. Өйткені «Жаңа Қазақстан» деген тек шаблон болып қалмауы керек»,- деді А.Тоқтамұрат.

b11fb15a-7155-4db5-bb65-ddb391f2f97e

Жиналыстың мақсатынан бөлек, мектептеріне табын тіреген халық қалаулысына өнер ұжымы өз мәселелерін де құлақ қағыс қылды. Мектеп директоры Мағзом Иманғалиев оқу ордасының қазіргі ахуалын айтып, бұрынғы ескі аурухананың ғимаратында орналасқан өнер мектебінің материалдық-техникалық базасы сын көтермей тұрғандығын алға тартты. Қызметкерлер «алдағы уақытта мектеп жаңа ғимаратқа көшірілсе екен» деп тілек білдірді. Өйткені бұл мектепке «сыймаған» оқушылар кенттегі С.Шарипов атындағы мектеп-интернатының жатақханасына бөлініп оқуға мәжбүр. Одан бөлек, аспаптар мен концерттік костюмдерде жетіспейтіні белгілі болды. Мәжілісмен Дүйсенбай Нұрбайұлы бұл мәселенің шешілуін депутаттық бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Партия өкілдерінің ауданға сапары Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі ұжымымен кездесуімен қорытындыланды. Колледж қызметкерлері әлеуметтік қамсыздандыруды арттыру мәселелері, яғни зейнет жасын төмендетуді қозғады. Бұл референдум саяси мәні жағынан бүкіл құзыретті бір адамға қаратып негіздейтін жолдан тартынып, керісінше мемлекетті басқару ісіне азаматтық қоғамды тікелей қатыстырып, әділетті Қазақстан құруға бағытталған. Сонымен қатар Қазақстанның өмір сүру сапасын өркениетті, нақты іспен жақсартуды мұрат етеді. Сондықтан референдумды қолдап, оған жаппай үн қосып, таңдауымызды білдірсек, Жаңа Қазақстан – жаңа ұрпақты орнықтыратын боламыз.

М.ІЗТҰРҒАНОВА,

Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521