Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен кездесуде инвестиция тапшылығы себептеріне тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.
«Ұлттық экономиканың өсімін инвестицияның тапшылығы шектеп отыр. Негізгі капиталға салынған қаржы статистикасын елдің ертеңіне сенудің басты көрсеткіші ретінде қарастыруға болады. Алайда соңғы 10 жылда компанияның таза табысы мен негізгі капиталға салынған инвестицияның арақатынасы 38 пайыздан 29 пайызға дейін кеміді. Басқаша айтқанда, кәсіпкерлер табысын өз бизнесіне қайта инвестициялауға құлықсыздық танытып отыр. Соның салдарынан жаңа өндірістік қуат, жаңа жұмыс орындарын ашу және бюджетке түсетін төлемдері ғана азаймайды. Біз позициямыздан айырылып жатырмыз. Негізгі қорлар физикалық және технологиялық тұрғыдан ескіріп, жаңармай отыр. Бұл жалпы проблемаға инвестициялық ағынды әртараптандырудың бәсеңдеуі де әсер етеді. Біздегі шетелдік салымның басым бөлігі (68%) бұрынғыдай шикізат секторына тиесілі. Керісінше қайта өңдеу өнеркәсібі, электр қуатын өндіру, көлік және басқа да салалардан шетелдік инвесторлардың кетуі байқалады. Жуырдағы Жолдауымда корпоративтік несиелендіруді қолдауға бағытталған шешімдер айқындалды. Ең алдымен, инвесторларды салықтан және басқа да төлем міндеттемелерінен үш жылға босату міндеті тұр. Үкімет бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, экономиканың басым секторларына инвестиция тартуға ықпал ететін қосымша үш-төрт нақты шараны пысықтауы керек», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.