Ғылым саласына ұзақ уақыт назар аударылмай келді, осы олқылықтың орнын толтыру қажет - Президент

Фото: t.me/aqorda_resmi
(0 Votes)

Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы ғылымға баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті, бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. 

Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шын мәнінде, бүгінгі басқосудың мән-маңызы зор. Қай заманды алып қарасақ та, дамудың басты кілті бұл – ғылым. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан мен ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын.

Осы өзекті мәселе бойынша сайлау алдындағы бағдарламада арнайы өз пікірімді айттым. Себебі ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі.

Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті, бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Сол себепті менің Жарлығыммен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Оған Президент жанындағы кеңес мәртебесі берілді. Бұл – мемлекеттің ғылым саласындағы басымдықтарына қатысты ұсыным әзірлейтін негізгі құрылым»,-деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы кеңесті жасақтаған кезде оның құрамына айрықша мән берілгендігін атап өтті.

«Қазақ ғылымына зор еңбек сіңірген аға буын өкілдерін және шетел ғалымдарын шақырдық. Әлемге әйгілі ғылыми орталықтарда жұмыс істеп жүрген жас ғалымдарымыз да кеңестің құрамына қосылды.

Бізге алдыңғы толқынның мол тәжірибесі, кейінгі толқынның озық білімі және тың идеялары аса қажет. Олар өзара үйлесім тауып, еліміздің кәдесіне жарайды деп сенемін»,-деді Президент.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT