Елімізге елеулі өзгерістер жасау үшін ескенеліктер де өзіндік үн қосуға сақадай сай отыр. Ауданымызға арнайы ат басын бұрған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сәлімжан Нақпаев іс-сапарын бұл жолы аталмыш ауыл тұрғындарымен кездесіп бастады. Халық қалаулысын құшақ жайып қарсы алған жерлестері Сәлімжан Жұмашұлымен емен-жарқын саулық сұрасып, өз ойларын бүкпесіз жеткізді. Көптен қауышпаған елдің азаматымен өткен шақтарға көз жүгіртіп “заманның кең уақытын” ойға оралтты.
ҚР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша өткелі жатқан кезекті референдумның мән-мағынасын түсіндіру мақсатында арнайы келген халық қалаулысы соңғы кездегі саяси ахуалды бүге шүгесіне дейін тәптіштеп түсіндіріп берді. “Кешегі қаңтар оқиғасынан кейін қазір елімізде үлкен өзгерістер болып жатыр. Президент өз жолдауында елімізге үлкен өзгерістер жасау үшін алдымен саяси реформа жасау керек деп айтқан болатын. Қазір «Жаңа Қазақстан» деген ұғым пайда болды. Өткелі отқан референдум да сол өзгерістерге ұмтылуға жасалған нақты қадамдардың бірі. Алдыңғы референдумдарға қарағанда бұл жолы өзгерістер бар. Мәселен бұрын президенттің өкілеттілігін күшейткен едік. Ол кезде нарықтық экономика жаңадан құрылып жатты. Сол үшін президенттің қолына сондай өкілет керек болды. Ендігі кезекте еліміз әрі қарай дамуы үшін еліміздегі билік тармақтарында тепе-теңдік болуы керек. Бұрынғы суперпрезиденттік ұстаным бойынша бар билік президенттің қолына жиналып тұрса, енді сол билік биліктің басқа да тармақтарына теңдей бөлініп беріліп жатыр. Референдумның түпкі мақсаты да осы»,- деді Сәлімжан Нақпаев.
Халық қалаулысы бұдан бөлек елдің мұң-мұқтажына да құлақ түрді. Сондай-ақ Ескенені көшіру жөнінде де тұрғындармен тұщымды әңгіме өрбіді. Ауыл тұрғындарының айтуынша кейбір пысықайлар ел үдере көшкен жағдайда қаладан пәтерлі болып қалсақ деген ниетпен үйдің сұлбасын тұрғызып қойған. «Құжатта ғана көрсетілген осындай “иесіз үйлер” басшылық шешім қабылдар тұста сіздерге кедергісін тигізуі мүмкін. Себебі шын мұқтаж болып үй алу үшін қаншама адам кезекте тұр»,- деді қадірлі мейман.
Сәлімжан Жұмашұлының іс-сапары одан әрмен аудан орталығында жалғасты. Онда ол “Білім” бастауыш партия ұйымының мүшелері мен аудандық мәслихат депутаттарымен сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен де кездесті.
А.САДЫҚОВ, Суреттер автордан