Ешқандай артықшылыққа ие болмаймын - Токаев

(0 Votes)

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров брифинг өткізді.

Мемлекет басшысы екі ел де көпжақты ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін айтып, бүгінгі сапардың қарым-қатынасымызды нығайта түсуге тың серпін беретіні сөзсіз екеніне тоқталды.

"Бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Біз сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән бердік. Қазір әлемдегі ахуал күрделі екенін білесіздер. Осындай қиын кезеңде күш жұмылдыру өте маңызды. Қазақстан - Қырғыз елінің негізгі сауда және инвестиция саласындағы серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1 миллиард долларға жетті. Қазақстан соңғы 15 жылда қырғыз еліне 1 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Оның ішінде әлеуметтік маңызы зор жобалар да бар. Жалпы, экономикалық ықпалдастықты одан әрі өркендетуге әлеуетіміз жетеді. Біз сауда көлемін жақын арада 2 миллиард долларға жеткізуге келістік", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бүгін сауда-логистикалық индустриялық кешеннің негізі қаланғанына тоқталып, бұл қадам өндірістік байланыстар мен сауда-саттықты жандандыруға жол ашатынын айтты.

"Біз өнеркәсіп өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайынбыз. Бұған Kazexport компаниясы қолдау көрсетеді. Қырғыз елінің де Қазақстанға шығаратын өнімдері аз емес. Осы орайда, қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдаланамыз деп уағдаластық. Сондай-ақ, азаматтардың шекарадан өтуін жеңілдетуге баса назар аудардық. Жүк тасымалы рәсімдерін жетілдіру жайын пысықтадық. Кейінгі жылдары бұл бағытта бірқатар ауқымды іс-шара атқарылды. Былтыр "Қордай" бекеті жаңартылып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіле бастады. Басқа да бекеттерді жаңғырту туралы келісімдер бар. Басты мақсат - шекарадағы тексерістерді азайтып, көлік кептелісін жою", - деді Қазақстан Президенті.

Президент Қазақстан капиталының қатысуымен Ыстықкөл облысында күн энергиясы станциясын салу жоспарланып отырғанын жеткізді. Жоба құны - 300 миллион доллар. Қасым-Жомарт Тоқаев су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіруді келесі маңызды бағыт ретінде атады.

"Біз трансшекаралық су ресурстары ортақ байлық екенін тағы бір мәрте атап көрсеттік. Су тапшылығы мәселесі жылдан-жылға күрделеніп келеді. Беделді халықаралық экологиялық ұйымдар осындай болжам жасап отыр. Су келешекте көп болмайды, тапшы болады. Бұл - анық нәрсе. Сондықтан Орталық Азия мемлекеттері бірлескен жұмыстарды қолға алуы қажет. Екі елге ортақ өзендер әрдайым жұртты жақындастыра түсуге дәнекер болуы керек. Қазақстан барлық міндеттемелерін толық орындауға және маңызды жобаларды бірлесе іске асыруға дайын", - деді Мемлекет басшысы.

Екі ел президенттерінің кездесулерінде мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға да ерекше мән берілді. Президент 5 маусымда елімізде өтетін конституциямызға өзгерістер енгізуге арналған жалпыхалықтық референдумды өте маңызды әрі тарихи іс-шара ретінде бағалап, қазақ халқы өз тарихындағы шешуші кезеңге келгенін ерекше атап өтті.

"Жаңа Қазақстан, яғни екінші республика, бұл - шын мәніндегі, демократиялық қоғам деген сөз. Президенттік жүйе сақталғанымен, Парламенттің рөлі және ықпалы едәуір күшейтіледі. Халқымыздың үні және пікірі анық естілетін болады. Мен Президент ретінде осы құқықтық реформадан ешқандай артықшылыққа я жеңілдікке ие болмаймын. Мақсатым - бүкіл қоғамда оң өзгерістер жасау, халқымызға жарқын болашақтың жолын ашып беру", - деді Мемлекет басшысы.

ATPress.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521