Қазақстандағы бүгінгі саяси-экономикалық реформалардың басты қозғаушы күші – халықтың өзгерістерді күтуі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бұл басты екі жүйе бір-бірінсіз жүзеге аспайды. Толыққанды саяси реформалардың басталуы елдегі басқару жүйесінің түбірімен өзгеруіне және әділетті Қазақстан құруда басты баспалдақ болып табылады.
Мемлекет пен қоғам дамуының жаңа саяси бағыты бірінші кезекте билік пен мемлекеттік басқару институттарына қатысты болды. Бұл жерде биліктің барлық тармағының, соның ішінде Президент өкілеттігіне қатысты ел заңнамасындағы өзгерістер – маңызды қадам. Осыған байланысты Мемлекет басшысының билікте біраз құзыреті шектелді. 30 жыл бойы қалыптасқан супер Президенттік биліктің кейбір тұстары қысқартылды.
Мықты Президент, ықпалды Парламент, тыңдаушы Үкімет деген қағида қалыптастырылып, Парламент те өзгертілді. Биылғы сайлауда Мәжіліс 70/30 қатынасында (70% партиялық тізім бойынша, 30% бір мандатты округтер бойынша) аралас жүйемен қалыптасты. Саяси реформа аясында жергілікті атқарушы және өкілетті билік органдарында көптеген жаңалық болды. Аудандық және қалалық мәслихаттардағы сайлаудың мажоритарлық жүйесі және барлық деңгейдегі облыстық мәслихаттардағы сайлаудың аралас жүйесі (пропорционалды/мажоритарлық – 50/50) енгізілді.
Мұның артықшылығы Парламентке, облыс мәслихаттарына да, жергілікті мәслихаттарға да белсенді адамдар өз-өзін ұсынып, сайлауға қатыса алды. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Францияның Парламентінде барлығы осы жүйе бойынша сайланады. Бұл Қазақстанда бір жылдары тәжірибеде болған еді. Кейін алынып тасталды. Бүгінде осы жүйенің қайтадан қолданысқа енгізіліп жатқаны өте оңды шешім. Бұл бастамалар халық арасында да қолдау тапты. Ресми мәліметке сүйенсек, төменгі Палатаға 6 партия өтіп отыр. Кейінгі жылдары Парламентке мұншалықты көп партия енген емес. Оның үстіне, өзін-өзі ұсынған 6 үміткер де мандат иеленді. Демек ендігі жерде Мәжіліс қабырғасында қызу пікірталас болатыны белгілі.
Саяси реформалардың тағы бір жаңашылдығы – саяси партиялардың құрылуы, олардың Парламентке өту межелігі, партия құрудағы талаптардың жеңілдетілуі. Ендігі уақытта саяси партиялардың арасындағы бәсекелестік артады. Партиялардың жұмысы күшейтіледі. Ал, партиялардың күшті болуы атқарушы биліктің толықтай үстемдігіне немесе оның жауапсыз қалуына кедергі болатын тежеуіш факторлардың бірі.
Отыз жыл бойы қалыптасқан авторитарлық жүйені, атқарушы биліктің үстемдігін толық тежеу үшін мықты саяси партиялар белсенді жұмыс жасайды. Олар демократиялық қоғамдағы атқарушы биліктің бақылаушы органы болып табылады.
Барлық демократиялық елде бұқаралық ақпарат құралдары тәуелсіз болуы керек. Бүгінгі саяси реформаларда да осы қағидаға басымдық беру үшін БАҚ туралы заң талқылануда.
Еркін сот жүйесі атқарушы биліктен тәуелсіз болуы тиіс. Бұл елдегі демократиялық қоғамның дамуына қажетті атрибуттардың бірі. Осындай саяси реформалар елдегі саяси жүйені тұтастай өзгертеді. Байқасақ, қазірдің өзінде оң өзгерістер басталды.
Негізінен билікке келген әрбір адам өзінің билігін күшейткісі келіп, соған сай әрекет етеді ғой. Бірақ, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің ең демократ тұлға екенін көрсетіп, әуелі өзгерісті өзінің құзіретінен бастағаны өте құптарлық шешім болды. Бұл ел болашағы үшін өте маңызды саяси қадам. Президенттік лауазымды 7 жылға және 1 мерзімге ғана сайлануды қолға алды. Бұл тәжірибе әлемде жоқ. Мұның маңыздылығы Қазақстанда элиталардың алмасуына, жаңа элиталардың қалыптасуына алып келеді.
Ауыл әкімдерін сайлау жүйесіне да жаңаша басымдық беріліп отыр. Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері мен аудан әкімдерін сайлау елдегі атқарушы билікке байланысты экономикалық реформалардың жүйелі жүруіне зор ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Себебі сайланған әкімдердің тағайындалған әкімдерге қарағанда жауапкершілігі жоғары болады. Соған байланысты қазір тиісті заңнамалар қаралуда.
Конституцияға сайланған Парламент мүшелері, облыстық мәслихат мүшелері өз жұмысына жауапкершілікпен қарамай, халықпен кері байланыс арқылы жұмыс жасамаса, сайлаушылар жиналыс арқылы оны лауазымынан кері қайтарып алу құқығы енгізілді. Бұрын мұндай тәртіп болмаған еді. Бұрын төрт жылға сайланған депутаттар арасында халықпен етене жұмыс жасамаған, мүлдем көзге көрінбегендер де бар.
Түбегейлі өзгерістер еліміздің жаңа дәуірге қадам басуына жол ашты. Қоғамдық белсенділіктің жаңа алаңы құрылды. Сондықтан да саяси реформа елдігімізді жаңғырту үлгісіне айналды деп батыл айта аламыз. Ең бастысы, алға қойған мұрат-мақсаттарға қол жеткізуге бізде қажетті саяси ерік-жігер молынан табылады. Енді тек халықтың жағдайын жақсартатын нақты нәтижелер керек.
Міне, бұл саяси реформалардың барлығы жаңа Қазақстан құрудағы басты баспалдақтар болып табылады. Ендігі уақытта мұның әрқайсысы жүйелі, әділетті түрде іске асырылса игі.
Сайфолла САПАНОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы