Елімізде референдум бұған дейін де өтіп жүргені белгілі. Десе де 27 жылдан соң үшінші рет өткелі тұрған бұл оқиғаны тарихи сәт дер едім .
Алғашқы екеуі 1995 жылы ұйымдастырылған еді. Сәуірде Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту, ал тамызда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша өтті. Ал кейінгі 4 түзету Парламентте дауыс беру арқылы Ата заңға енгізілген. Бұл жолы да «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша Заң жобасын Парламент қарайды» делінген еді. Бірақ Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының 31-сессиясында жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынды. Бұл оның көрегенділігі деп білемін. Айтпақшы, ең алғашқы референдум жайлы ұсыныс осы Қазақстан халқы Ассамблеясынан болған еді. Бірақ тұңғыш пен қазіргінің мәні бөлек сияқты. Ел жаңа Қазақстанды құруға көшті. Тұтас саяси жүйе жаңғыру жолында. Мықты Парламент, мажаритарлық сайлау, Президент туыстарын билікке жақындатпау секілді бастамалар іске асып жатыр. Конституцияның 33-бабына түзету әзірленді. Бұл – Ата заңның үштен бірі. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясына қатысқан Президент оны қабылдау үшін жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынды. Бұл тарихи сәтте жарқын болашағымыз үшін халық болып қамданумыз керек.
Р.ҮМБЕТОВА, Ауданның Құрметті азаматы