Балабақшаларды лицензиялау тәртібі қайта енгізіледі

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балабақшаларда бүлдіршіндерді ұрып-соғу жағдайларының көбейіп кеткеніне алаңдап, балабақшаларды лицензиялау тәртібін қайта енгізуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Жекеменшік балабақшаларда балаларды ұрып-соғу деректері бар. Сонымен қатар жұмыс істемейтін балабақшаларға қаржы бөлу көбейіп кетті. Мұның бәрі олардың қызметі ашық емес екенін, азаматтық жауапкершілігі жоқтығын көрсетеді. Басқаша айтқанда, қоғам талабына сай емес", - деді президент үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Тоқаев 2011 жылы балабақшалардың лицензия бойынша жұмыс істеу тәртібі тоқтатылғанын еске салды. Айтуынша, мемлекет бұл қадамға амалсыздан барған. Өйткені мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен барынша қамту қажет болды.
"Бұл ретте, жеке сектордың әлеуетін пайдалану маңызды еді. Нәтижесінде 2 және 6 жас аралығындағы балалардың 88 пайыздан астамы балабақшамен қамтылды", - деді мемлекет басшысы.
Ал енді қызмет көрсету сапасын арттыратын кез келді, деді ол.
"Үкімет осы мәселені мұқият қарастыруы керек. Лицензиялау тәртібін қайта енгізу, ең алдымен, мемлекетке емес, қоғамға қажет шара. Өйткені басты мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету", - деді Тоқаев.

Sputnik Қазақстан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521