AI-Sana: Ақпаннан бастап әр студент ЖИ курсынан өтуге міндетті

AI-Sana: Ақпаннан бастап әр студент ЖИ курсынан өтуге міндетті
(0 Votes)

АСТАНА. KAZINFORM — AI-Sana бағдарламасы аясында еліміздегі бакалавриат дәрежесіндегі әр студент жасанды интеллект курстарынан өтеді. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

    — Президенттің тапсырмасымен AI-Sana бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаның мақсаты — студенттерді жасанды интеллектіні экономиканың түрлі салаларында қолдануға үйрету, стартап ашуға және кәсіпкерлікке баулу. Биылғы ақпан айынан бастап еліміздегі әр жоғары оқу орнының студенті жасанды интеллект курсынан өтуге міндетті болады. Арнайы сертификат курстарын Google, Nvidia, Huawei компаниялары және Astana Hub жасақтаған. Қазіргі таңда бакалавриаттағы 650 мың студенттің 429 мыңнан астамы және 3 мыңнан астам оқытушы ЖИ сертификаттарын алды, — деді министр Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, бағдарлама төрт кезеңнен тұрады.

    — Бірінші, барлық студент Coursera, Huawei және Astana Hub платформаларында жасанды интеллект негіздерін меңгереді. Екінші, арнайы бағдарлама арқылы студенттер кәсіпкерлікті, жасанды интеллектіні түрлі жобаларда қолдануды және жаңа идея ойлап табуды үйренеді. Үшінші, студенттер өз жобаларын жасап, менторлар мен сарапшылардың қолдауымен дамытады. Төртінші, үздік жобалар стартапқа айналып, халықаралық деңгейге шығады, — деді Саясат Нұрбек.

Айта кетейік, бұған дейін ведомство басшысы шетелдік студенттер үшін көпмәртелік электронды виза енгізілетінін айтқан еді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT