Жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу – мүлікке құқығыңызды растайтын міндетті рәсім. Сатып алу-сату шарты, айырбастау, мұрагерлік ету немесе жалға алу сіздің құқығыңызды растамайды, дегенмен тіркеуге негіз болып табылады. Жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу мүліктің толыққанды иесі атану, өзіңізді алаяқтықтан қорғау және келешекте оған қатысты операцияларды кедергісіз орындау үшін қажет.
Жылжымайтын мүлікке белгілі бір орынмен тығыз байланысты нәрсенің бәрі жатады: жер телімдері, ғимараттар мен құрылыстар. Яғни, еш зарарсыз орнын ауыстыру қиынға түсетін нәрселер.
Сонымен қатар жылжымайтын мүлік бастапқы және кейінгі нысандар болып екіге бөлінеді. Бастапқы нысандарға ерекше атқарымдық мақсаты бар ғимараттар мен құрылыстар, қала құрылысының маңызды нысандары, ал екінші мәртеліктерге – жекелеген (бөлінген) құқық объектілері (бірінші мәртелік объектінің құрамына кіретін пәтерлер, жапсарылыс салынған үй-жалар, дүкендер мен офистер) жатады.
Біздің, яғни ҚР азаматтарының әрқайсысының ЖСН және жеке куәлігі бар болатыны секілді, ел аумағындағы жылжымайтын мүлік нысандарының да өзіндік бірегей нөмірі (кадастрлық нөмірі) және техникалық төлқұжаты болады. Электрондық үкімет порталының «Жылжымайтын мүлік» бөлімінен Жылжымайтын мүлігіңіздің кадастрлық нөмірін біле аласыздар. Жылжымайтын мүліктің толық сәйкестендіру сипаттамалары ретінде нысан туралы мәліметтерді танимыз:
- мекенжай және бар болған жағдайда мекенжайды тіркеу коды, (жылжымайтын мүлік нысанының мекенжайы мен мекенжайды тіркеу коды бойынша анықтаманы қалай алуға болады);
- жылжымайтын мүлік түрі;
- жылжымайтын мүліктің кадастрлық нөмірі ;
- меншіктің түрі; - құрамдас бөліктер саны;
- жерлер санаты және олардың бөлінгіштігі;
- арнаулы мақсаты; - қабаттылығы және ауданы (жалпы және пайдалы).
Сіз жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы келісім жасасқаннан кейін немесе оны мұраға алғаннан соң, не болмаса «Жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу туралы» Заңы бойынша (9-бап) жылжымайтын мүлікке құқықтың туындауының өзге жағдайларында оны 6 ай ішінде тіркеу қажет.
Осыған ұқсас мерзімдерде (6 айдан кеш болмауы тиіс) жылжымайтын мүлікке ауыртпалықтар пайда болғанда да жүгінген жөн.
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды немесе ауыртпалықтарды тіркеу үшін, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ -ға немесе нотариусқа жүгінуіңізге болады.
Жанар Кулниязова,
«Азаматтарға арналған үкімет» Атырау облыстық филиалы
жылжымайтын мүлікті тіркеу басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы