Жылыой ауданын сумен қамту

(0 Votes)

Облыс әкімі жауапты мекемені сынға алып, жүйені қайта жаңғыртуды тапсырды

Облыс әкімі Серік Шапкенов Жылыой ауданына жұмыс сапары аясында Құлсары қаласындағы «Магистралды суағызғысы» ЖШС және «Жылыойсу» КМК-ға барып, ауызсуды тазарту және сумен қамту жұмыстарымен танысты,- деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Биыл мамырда Құлсары қаласының тұрғындарына берілетін ауыз су лайланып, осыған орай облыс әкімі шұғыл кеңес өткізген болатын.

Жауапты мекемеге бірқатар міндет жүктеліп, мәселені шешу тапсырылды. «Магистральдық су құбыры» ЖШС директорының м.а. Еркін Таңқыбаевтың айтуынша, су сапасының өзгеруіне «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырымен келетін Қиғаш суының тасуы мен шамадан тыс лайлығы себеп болған, оған қоса су құбырының жаңа учаскесі пайдалануға берілуі де әсер еткен.

- Мекемеде 7 резервуар бар, оның 5-уі жұмыс істеп тұр. Біреуі жөндеуде, енді біреуі салынып жатыр. Су құрамы тазарту мен хлорлаудың бірнеше кезеңінен өтеді. Қиғаш өзеніндегі қоршау орнында тазарту жүргізіледі. Жағдай жақсарып келеді. Күн сайын су құбырынан сынама алып, сапасын бақылап отырмыз, - деді Е. Таңқыбаев.

«Жылыойсу» КМК директорының м.а. Батыр Кейкіннің айтуынша, резервуарларын тазарту және дезинфекциялау, Құлсары қаласының сумен жабдықтау желілерін жуу жұмыстары жүргізілген.

Серік Шәпкенов мұндай жағдайға жол берген жауапты мамандарды қатаң сынға алып, бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ «Жылыойсу» КМК-мен бірлесе отырып, көп қабатты үйлердің сумен жабдықтау жүйесін тазартуды жүктеді. - Қиғаш суының келуі бірінші рет емес. Тасқын кезінде де өзен деңгейі көтерілген жоқ, демек мәселе жұмыстың жүйесіздігінде болып тұр. Тұрғындарды таза ауызсумен қамтуды мамырда міндеттегенмін. Ешқандай нәтиже көріп тұрған жоқпын. Бұл - салғырттықты кешірмейтін мәселе. Оның артында тұрғындардың денсаулығы тұр,-деді С.Шәпкенов.

Өңір басшысы қысқа мерзімде заманауи технологияларды пайдалана отырып, су тазарту құрылғыларын қайта құру жобасын әзірлеп, ұсынуды тапсырды.

Анықтама: Жылыой ауданының Құлсары қаласындағы ауыз су «Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық су құбыры беріледі. Содан кейін «Магистральдық су құбыры» ЖШС-да тазартылады, бұдан әрі «Жылыойсу» КМК таза суды тұрғындарға беріледі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT