Атыраудағы NIS тағы бір оқу жылын сәтті қорытты. Өткен жыл мектебіміз үшін мол мүмкіндікке, зор жетістікке толы болды. Ендеше, басты 10 жетістікке жіті тоқталайық!
Биыл мектебіміз халықаралық реаккредиттеуден сәтті өтіп, CIS халықаралық мектептер кеңесінің Ұлыбритания, Австралия, Ирландия, Әзәрбайжан, Индонезия, Италия, Өзбекстаннан арнайы келген өкілдерінен лайықты жоғары бағасын алды.
Жалпы есепте, биыл 70 оқушы облыстық, республикалық, желілік, халықаралық білім бәйгелерінде жүлдегер атанса, 40 оқушы халықаралық конферннцияға қатысқан. Буллингті болдырмауға бағытталған “KIVA” жобасы аясында мектептің 742 оқушысы түгел қамтылды. Атыраудағы NIS-тің көлеңке театры Шымкентте өткен желілік “А million dreams” арт-фестивалінде бас жүлде алды.
Ұлыбританиядағы әйгілі Оксфорд университеті ұйымдастырған “ICEDS 2025” 6-халықаралық конференциясына мектебіміздің информатика пәні мұғалімі Агис Исказиева қатысты. Және ол “Үздік презентация” номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Биыл Атыраудағы NIS бастамасымен тұңғыш рет жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиада ұйымдастырылды. 2 бағыт бойынша 11 пәнді қамтыған білім бәйгесіне күллі облыс бойынша 290 оқушы қатысып, бақ сынады.
Мектеп бастамасымен ұйымдастырылған “NIS Project fest” халықаралық ғылыми жобалар жарысы биыл 2-ші рет сәтті өтіп, оған 160-қа жуық ғылыми жоба қатысты.
Атыраудағы NIS командасы NIS Share жобасы аясында жүргізілген Action Research зерттеуін сәтті аяқтады. Мектептегі оқыту мен оқуды жетілдіруге бағытталған жоба нәтижесін Австрияда өтетін халықаралық CARN конференциясында таныстыру жоспарда тұр.
Биыл мектеп бітіруші түлектердің 80 пайызы өз еліміздің беделді, жетекші университеттерінде білім алуды таңдады. 30 түлек шетелдің беделді оқу орындарының оқу грантын жеңіп алды.
Ұстаздар жетістіктері: 18 ұстаз жергілікті, 11 ұстаз халықаралық деңгейдегі конференцияларда бой көрсетті. Әсіресе, Ирландияның Дублин қаласында өткен IChem, Ұлыбританияда өткен ICEDS, Кипрде өткен ECER, Астанада болған WALS атты ең маңызды форумдарға біздің ұстаздар да қатысып, өз тәжірибелерін таратты. 2 зерттеуші ұстаз ғылыми журналға, 12 ұстаз өз материалдарын түрлі деңгейдегі конференциялар жинағына жариялады. Сондай-ақ, мектеп ұстаздары даярлаған 3 әдістемелік құрал жарық көрді. 11 ұстаз өз жобаларына авторлық бағдарлама алды. Республикалық математикалық регатадан біздің оқытушылар даярлаған мектеп командасы жүлделі 2-орын алды. Сондай-ақ, ұстаздарымыз ауылдық тірек мектептер мұғалімдеріне 12 рет барып, жүздесіп, тәжірибе таратып, кері байланыс алды. Жоба аясында облыстың 255 ауыл ұстазы қамтылды. Ауыл мектептеріндегі оқу жетістіктерін бақылау нәтижелері тұрақты оң динамика көрсетті: Орташа көрсеткіш 43,7%-дан 59,1%-ға дейін өсті, демек, өсім 15,4 пайызды құрады. Яғни, ауыл мектептерінде оқушыларды оқыту сапасы айтарлықтай жоғарылады.
Спорттық жетістіктер: Мектеп оқушылары шахматтан ұлттық мектеп лигасының облыстық кезеңінен – 1, республикалық кезеңнен 3-орын, волейболдан ұлттық мектеп лигасының облыстық кезеңінде жүлделі 1-орын иеленді.
Әлеуметтік жобалар: Биыл мектепке 4 міндетті жоба енгізілді: 7-сыныптарға домбыра үйрететін “Домбыра” жобасы, қоғамға пайдаңды тигізуге жетелейтін “Қоғамға қызмет”, салауатты өмір салтына шақыратын “Workout” жобасы, “Тәлімгерлік” жобалары жоспарға сай нәтижелі әрі жүйелі жүргізілді. «Апталық ауыл өмірімен танысу”, “Баланы жұмысыңа жетеле”, “Өндірістегі 10 күн”дәстүрлі жобаларымыз да сәтті жалғасын табуда. Оқушылар көзайымына айналған “Туған елге тағзым” жобасы да биыль сәтті жалғасын тапты.
Біз мұнымен тоқтамаймыз. Алда әлі талай биік белестер күтуде. Жеңісті сәттерде жолыққанша!