Жыл қорытындысы: Қызылқоғаның екінші тынысы ашылды

Жыл қорытындысы: Қызылқоғаның екінші тынысы ашылды
(0 Votes)

Бүгінде Қызылқоғаның қиырында құрылыс қарқын алып, кәсіпкерлік кеңге қанат жаюда. Оған биыл ашылған жаңа нысандар мен инфрақұрлым игіліктері дәлел, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

АУЫЛДАРҒА – АУЫЗ СУ

Биыл Қоныстану, Сарқұмақ, Былқылдақты, Қоңыраулы және Кенбай елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Ал, Қоғам, Соркөл, Тасқұдық, Аққора елді мекеніне ауыз су құбырын тарту жұмыстары келер жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті.

- Бүгінде аудандағы 26 елді мекеннің 17-сі орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды. Жоспарлы жұмыстар аяқталса, аудан 100 % ауыз сумен қамтылады,- дейді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Д.Нығметов.

Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Мұқыр ауылының екінші көтермелі су айдау стансасын реконструкциялау жұмыстарын аяқтап, аудан халқын үздіксіз ауыз сумен қамту үшін «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырын қайта жаңғырту жоспарлануда. Сонымен қатар, Тайсойған жер асты су қорынан Миялы ауылына дейінгі жалпы ұзындығы 73,5 шақырымды қамтитын су магистралі жүргізіліп, Миялы ауылына жазғы су құбырын тарту жұмыстары аяқталады деп күтілуде.

ЖАРЫҚ ЖЕЛІСІ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Биыл Қызылқоға ауданында 1 электр стансасы салынып, 68,9 шақырым электр желісі жүргізілді. Ауданға қарасты 7 ауылда электр желісі жаңартылып, 151 бағана мен 500-ге жуық лэд шамы орнатылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Нәтижесінде ауылдық округтерге қарасты 26 елді мекен толық жарықтандырылды.

- Келер жылы Қаракөл және Қоныстану ауылына 3,6 шақырым және Қарабау ауылынв 7,7 шақырым электр желісін тарту үшін жобалық сметалық құжат дайындалады. Жобалау, кейін құрылыс жұмыстары аяқталған соң аудан 100% көше жарығымен қамтылады, - деді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерсағын Құмаров.

Бұдан бөлек, Тасшағыл, Қаракөл, Жангелдин ауылының кірмежолына электр бағанасы орнатылып, іске қосылды. Ал Қарабау мен Тайсойған ауылының кірме жолын жарықтандыру жұмысы 90 пайызға аяқталған.

Сол сияқты, кірмежолдар мен көшелер де жарықтандырылуда. Аталған жұмыс Қаракөл, Жангелдин, Қарабау, Тайсойған мен Тасшағыл ауылына кіреберіс жолдарға бағаналар орнатылып, көше жарығы жүргізілуде. Бұл жұмыстың жалпы ұзындығы 10 шақырымнан асады. Сондай-ақ Мұқыр ауылындағы 4 көше жарықпен қамтылуда. 8,2 шақырым жерге жарық шамдары орнатылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Қызылқоға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекция бөлімінің басшысы Ерсағын Құмаровтың айтуынша, биыл барлық жұмыс толықтай аяқталады.

- Тасшағыл, Қаракөл мен Тайсойған ауылына кірмежолды жарықтандыру жұмысы аяқталды. Қазіргі уақытта қосу жұмысы жүріп жатыр. Ал Қарабау мен Жангелдин ауылдарының кірмежолын жарықтандыру жұмысы 85 пайызға бітті. Жыл соңына дейін 5 ауылдық округтің кірмежолын жарықтандыру жұмысын толықтай аяқтап, Мұқыр ауылындағы М.Сұлтанов, М.Дәулетбаев, 4 ауыл және 5 ауыл көшесіне жарық бе ріледі, - дейді Е.Құмаров.

АУДАН 100% ГАЗБЕН ҚАМТЫЛМАҚ

Биыл өңірдің табиғи газға сұранысын жабу үшін көптеген жұмыстар атқарылды. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдулат Кенжебеков мәлім етті. Мәселен, бұған дейін Қызылқоға ауданының Тасқұдық, Соркөл, Сарқұмақ, Былқылдақты, Қоңыраулы, Кенбай ауылдарына көгілдір отынсыз отырды. Мәселені шешу үшін энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасымен елді мекенді газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме - «Компания Газ Строй» ЖШС.

- Қазіргі таңда жоба бойынша 121 шақырым газ желісі жүргізіліп, 17 дана газды реттеу пунктінің қорабы орнатылды. Тамызда газ құбыры желілеріне сығымдау жасалып, кейін нысанды қабылдау басталады. Жобаны жылу беру маусымына дейін іске қосу жоспарланды. Нәтижесінде 500-ден астам ауыл тұрғыны көгілдір отымен қамтылады,- деді А.Кенжебеков.

Сонымен қатар, Қызылқоға ауданының газбен қамтылуы 100%-ға жетіп, жалпы облыс халқының көгілдір отымен қамтылу деңгейі - 99,9 %.

КӘСІПКЕРЛІК КЛИМАТ ЖАҚСАРДЫ

Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зейнеш Сарбуфееваның айтуынша, есепті кезеңде 11 жаңа кәсіпкерлік нысандар іске қосылса, оның ішінде 4 жоба несие алу арқылы, қалған 6 жоба жеке инвестиция есебінен қосылған. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың бірі -қаржылық қолдау болса, ауданда әр түрлі мемлекеттік және жергілікті бағдарламалар арқылы 71 жоба 893,9 млн теңгеге қаржылық қолдау тапқан.

Аудан әкімдігі мәлім еткендей, қаржылай қолдау алмаған ауылдық округтердегі кәсіпкерлердің жұмысы бойынша аудан басшысы Қанат Әзмұханов ел экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі – кәсіпкерлік саласы екеніне тоқталып, аудандағы кәсіпкерлікті дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару маңыздылығын атап өтті. Ауылдық округ әкімдеріне кәсіпкерлермен бірлесіп жиындап өткізіп, іске асыруға тиімді жобаларды талқылауды тапсырды. Кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға жәрдемдесу, жаңа бизнес- идеяларды іске асыру бағытында аз қамтылған, көп балалы отбасы мүшелері, қандастар, оралмандар, еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі жандар, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын және асыраушысынан айырылған азаматтарға арналған мемлекеттік грантты алуға үміткер бола алады. Бұл бойынша да биыл 27 адамға 400 АЕК көлемінде 39 873 мың теңге мемлекеттік қайтарымсыз грант берілген. Айта кетейік, гранттың негізгі мақсаты еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, мал құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды өсімдіктерді сатып алуға сондай-ақ комерциялық жылжымайтын мүлік обьектілерін сауда обьектілерін жалға алуға.

Еске сала кетейік, ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің саны 1819 құрайды (оның ішінде заңды тұлғалар 58, шаруа қожалықтары 562, кәсіпкерлер 1199).

Сондай-ақ, биыл тасқын салдарынан 200-ге жуық мал басына шығын келген. Оны өтеу үшін иелеріне тиісті өтемақы берілген. Осылайша, барлығы 62 млн теңгеге жуық өтемақы қарастырылған.

- Өтемақыға шаруа қожалығымдағы үйім мен сарайымды жаңарттым. Жылқы басын көбейтіп, 3 ірі қара мал сатып алып, қожалығымды қалыпқа келтірдім. Қазір шаруа қожалық толыққанды дайын тұр. Еңдігі мақсатым мал санын әлі де көбейтіп, шаруашылығымды дамыту, - дейді «Даурен» шаруа қожалығының иесі Жасұлан Есқалиев.

Бұдан бөлек, биыл қызылқоғалық шаруагерлерге егін шаруашылығы үшін 155 гектар жер телімі берілді. Аудандағы шаруашылық ұжымы егін жинау науқанына кірісіп 258 тонна өнім алған. Шаруагерлер 39 тонна картоп, 98 тонна көкөніс және 121 тонна бақша өнімдерін жинаған. Егін жинау науқаны күзге дейін жалғасады. Егіншілікті кәсіп қылған шаруагерлердің бірі - Салауат Мұратұлы. Ол былтырдан бастап әкімдіктен жер алып, егін егуді қолға алған.

"Биыл егіс алқабын ұлғайттым. Электрлі мал қоршау мен құс қашыратын құрылғылар алып 3 адамды жұмыспен қамтыдым. Сәкесінше, бақша өнімдерін сатылымға шығара бастадық", - деді ол.

Анықтама үшін айта кетейік, 155 гектар жер телімі 8 тұрғынға бөлінген. Сонымен қатар, Миялы ауылынан 15 гектар, Жангелдин ауылы маңынан 5 гектар жер кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарына берілген. Бұдан бөлек, көктемгі дала жұмыстарына «К-702», Соқа, Трактор «Беларусь-920», тырма,» Культиватор» техникаларымен көмек көрсетілді.

Сонымен бірге, ауданда алғаш рет сүт өңдеу цехы ашылды. Жасқайрат ауылында «Құрман» шаруа қожалығы мал өнімдерін өңдеуді қолға алды. Цехта тәулігіне 1 тоннаға дейін сиыр сүтін өңделеді. Кәсіп иесі Құрманбек Жаңабаевтың айтуынша, мұнда табиғи пастерленген сүт, қаймақ және айран, ірімшік өнімдері ешқандай қоспасыз өңделеді.

- Алғашқы өнімді аудандағы дүкендерге жібереміз. Қазір сүттің қаншаға сатылатыны есептелу үстінде. Десек те өнімнің бағасы қолжетімді болмақ. Өйткені мал мен сүт өңдейтін жабдықтардың барлығы қожалықтың қарамағында болғандықтан, бұл өз кезегінде өнімнің арзан бағамен сатылуына септігін тигізеді. Қазіргі таңда 10 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырмыз,- дей ді Қ.Жаңабаев

Бүгінде қожалықта 253 жылқы,137 түйе және 609 ірі қара, оның ішінде асыл тұқымды симментал 75 сиыр, 38 ангус, 41 қазақы «ақбас» сиыр малы бар. Осы төрт-түліктің өнімі цехтағы 5 түрлі қазандықта жиналып, ұйытылады. Кейін қаймақ пен сүті бөлініп, пастерленген бөтелкелерге құйылады.

ҚҰМ КӨШКІІН ТОҚТАТЫЛУДА

Сағыз, Қызылқоға, Ойыл ауылдық округі мен Бүйрек елді мекені үнемі құм көшкініне тап болатын ауылдар. Бүгінде мәселені шешу үшін биыл ауылдың жан-жағын қоршай сексеуіл ағашы егіле бастады. Ауданның басым бөлігіндегі жер жазық әрі шөлейтті болғандықтан жиі жел тұрып, нәтижесінде құм көшкіні орын алады. Бұл өз кезегінде ауыл мен елді мекенге зиянын тигізеді. Қызылқоға ауылдық округінің әкімі Зейнолла Шәліковтың айтуынша, аталған жобаға тапсырыс беруші облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы. Мердігер мекеме – «Еділ-Строй Сервис» ЖШС. Жобаның құны – 647 млн 981 мың 499 теңге. Бүгінде Қарабау ауылының 6 гектар аумағы қоршалған. Енді сексеуіл мен көп жылдық шөптер егілетін болады. Дәл осындай жұмыстар Сағыз, Ойыл ауылдық округтері мен Бүйрек елді мекенінде жүріп жатыр. Жоба жылдың аяғында аяқталады деп күтілуде.

ХАЛЫҚ САУЛЫҒЫ – ЕЛДІҢ БАЙЛЫҒЫ

Биыл ауданда жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымның күндіз болу бөлімшесінің ерекше қажеттілігі бар балаларға кешенді оңалту көмегі көрсетіліп, сауықтыру шаралары жүргізілетін жаңа орталық ғимаратының ашылу салтанаты өтті. 2017 жылдан бастап қызметін бастаған орталық осы уақытқа дейін түрлі ғимараттарды өтеусіз пайдаланып отырды. Алайда, ол ғимараттар таршылық етіп, балалармен жұмыс жасауға қиыншылықтар туғызған болатын. Бұл туралы аудандық әкімдік мәлім етті. Бүгінде ата-аналар мен балалардың сұранысына сәйкес аудан әкімдігінің қолдауымен жаңа ғимарат салынып, ерекше балаларға қуаныш сыйлады.

- Бөлімшенің бұрынғы ғимараты ескі әрі тар болуына байланысты мекеменің қызметтер сапасына жауап бере алмайтын. Сондықтан да, осы жаңа, кең әрі сәнді екі қабатты ғимрат балалардың игілігіне ұсындық. Миялыдағы бұл мекеменің әлеуметтік қорғау саласындағы алар орны ерекше. Енді бұл ғимаратта, ерекше балаларға сан түрлі әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Бөлімше ұжымының қызметіне жаңа жетістіктер тілеймін! - дейді аудан әкімі Қанат Әзмұханов.

Орталық қызметкерлерінің нәтижиелі жұмысының арқасында қазіргі таңда балалар алғашқы қадамдарын жасап, анық сөйлей алуға дейін жеткен. Сондай нәтиже көріп, 3 жылдан бері қызмет алушы, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-ана Гүлмира Ықыласова өз ризашылығын білдіруде.

- Жаңа ғимарат ашылып, ата-ана да балалар да үлкен қуанышқа бөленіп жатырмыз. Осы оңалту орталығында 20-ға жуық бала бар. Әрқайсысының әртүрлі дерті бар. Соған сәйкес, балалармен ерекше жұмыс жүргізіп, әр баланың қалауын орындап отырған емдеуші ұстаздарға алғысымды білдіремін,- дейді ол.

Қазіргі таңда орталықта 24 ерекше бала қызмет алуда. Бөлімшеде әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар, психолог, дефектолог, логопед, сылап-сипау мамандары, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, тәрбиешілер қызмет алушы балалармен жұмыс жасауда. Айта кетейік, аудан бойынша 1108 мүмкіндігі шектеулі жан бар (І топта 105, ІІ топта 393, ІІІ топта 470, бала кезінен 140 мүгедек). Оның ішінде 18 жасқа дейінгісі - 140 адам.

Сонымен қатар, аудан орталығында алғаш рет мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығы ашылды. Аудан әкімі Қанат Әзмұханов мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қолдаулар мұнымен тоқтап қалмайтынын айтты.

"Ауданымыздың денсаулық сақтау саласы тағы бір жақсы жаңалықпен толықты. Азаматтарымыздың денсаулығын жақсарту үшін, заманауи емдеу мекемелерінің саны арта бермек. Бүгінгі пайдалануға беріліп жатқан "Қамқорлық" оңалту орталығы, мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі" дейді Қ.Әзмұханов

Оңалту кешені жаңа заманауи құралдармен жарақталған. Мұнда екі жаттығу залы мен массаж кабинеті және тынығу орны бар. Орталықта реаблитолог, массажист, физиотерапия нұсқаушысы және психолог жұмыс істейді. Бұл жерде мамандар бір мезетте 25 адамды қабылдай алады.

Қазір ауданда реаблитациялық көмекті қажет ететін 92 адам бар. Олар, қажетіне қарай осы орталықта кезекпен ем қабылдайды. Солс екілді, «Самұрық-Қазына траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржыландыруымен және «Миялы мүгедектер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен орталыққа инватакси берілді. Сонымен қатар, аудан кәсіпкерлері мен жергілікті азаматтар мүгедектігі бар 2 адамға 100 мың теңгелік ақшалай сыйақы және 1 азаматқа электронды қоларба сыйға тартты.

"Бүгін көптен күткен қуанышты күнге жеттік. Себебі, осыған дейін оңалту шаралары үшін түрлі елдер мен облыс аралап кететін едік. Тіпті кейбір тағдырластарым бара алмай жүретін. Енді міне өз ауданымызға су жаңа инватакси автокөлігі келіп, жаңа құрал-жабдықтармен қамтылып ерекше толқынысты сәтке куә болып жатырмыз. Әрқашанда бізді қолдаған, демеген атымтай азаматтарға алғысымыз шексіз",- дейді I топ мүгедегі Райымбек Якупов.

Айта кетейік, жаңа ғимарат «Самұрық-Қазына траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржыландыруымен салынған.

МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІ БОЙ КӨТЕРУДЕ

Бүгінде Қарабау және Мұқыр ауылында мәдениет үйі бой көтеруде. Бұл туралы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дулат Нығметов мәлім етті. Қазіргі уақытта аудан аумағында 8 мәдениет үйі жұмыс жасап тұр. Аталған нысандар пайдалануға берілгеннен кейін Қызылқоға ауданы 100% мәдениет ошағымен қамтылады. Екі нысанда да кітапхана, оқу залы, ән және би үйірмелеріне арналған бөлмелер болады.

- Мұқыр ауылындағы 400 орындық өнер ордасының құрылыс жұмыстарына «Жиенбай» ЖШС жауапты. Мұндағы жұмыс тамыз айында басталған еді, жоспар бойынша 2025 жылдың қыркүйек айына дейін аяқталуы тиіс. Ал Қарабаудағы 300 орындық мәдени нысанның құрылысын «Нуркапстройгаз» ЖШС жүргізуде. Мәдениет үйін 2025 жылдың желтоқсан айына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр, - деді Д. Нығметов.

СПОРТ НЫСАНДАРЫ САЛЫНУДА

Ауданның сегіз ауылында 11 ашық спорт алаңы салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы Қызылқоға аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дулат Нығметов айтты. Әр спорт алаңының аумағы 1665 шаршы метрді құрайды. Онда көше тренажерлары орнатылып, кіші футбол және ойын алаңдары бой көтереді.

- Жасқайрат, Қоныстану, Тайсойған ауылындағы алаңдарды салу жұмысы 80%-ға аяқталды. Қараша айында пайдалануға береміз. Ал, Тасшағыл, Қаракөл, Қарабау ауылындағы жұмыстарды желтоқсан айына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Миялы ауылында салынуы тиіс үш алаңға жауап мердігер мекеме аяқталды. Бүгінде олар аумақты қоршап, негізгі қабатын салу жұмыстарымен айналысуда. Сағыз ауылындағы екі алаңға қоршау салынды және бетон құю жұмыстары аяқталды.Жалпы бұл ауқымды жұмыстың нәтижесінде балалар мен жасөспірімдер бос уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік алады, - деді Д. Нығметов.

Айта кеткен жөн, Қызылқоға ауданында бұқаралық және кәсіби спортпен шұғылданатын 10 мыңға жуық адам бар.

ЖАСТАР БЕЛСЕНДІ БОЛА ТҮСТІ

Бұған жуырда ғана өткен «Жастар премиясы-2024» шарасында көпшілік куә болды. Салтанатты іс-шарада 17 саланың үздіктері анықталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Олар «Үздік жас полиция» «Үздік жас теміржолшы», «Үздік жас ұстаз, «Үздік жас тәрбиеші», «Үздік жас кәсіпкер», «Үздік жас құтқарушы», «Үздік жас электрик», «Үздік жас мемлекеттік қызметкер», «Үздік жас мәдени қызметкер», «Үздік жас пошта қызметкері», «Үздік жас дәрігер », «Үздік жас байланысшы», «Үздік жас шаруагер», «Үздік жас спортшы», «Үздік жыл жаңалығы», «Үздік жас фельдшер» және «Үздік жас өнер ұстазы » номинациясы бойынша марапатталды. Оның ішінде “Үздік жыл жаңалығы” атағы дәстүрлі садақ атудан Ұлттық құрама спортшысы Айкөркем Батиханға берілді. Ол биыл Түркия елінде өткен Халықаралық турнирде 33 спортшының арасынан 1 орын иеленіп, елге тарихи жеңіс сыйлады. Бұдан бөлек, ауданның дамуына үлес қосып жүрген белсенді жастарға аудан әкімі мен облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының Алғыс хаттары табысталды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT