Жыл қорытындысы: Атырауда сот саласы жетілдірілді

Жыл қорытындысы: Атырауда сот саласы жетілдірілді
(0 Votes)

Бүгінде елімізде сот саласын жетілдіруге байланысты көптеген іс-шаралардың атқарылып жатқаны белгілі. Осы уақытқа дейін сотқа жүгінген тұрғындардың құқығы мен бостандығын сапалы қорғау мақсатында көптеген заңдар мен құқықтық құжаттар дайындалып, бірталай жобалар мен бастамалар жүзеге асырылды. Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Жанат ХАБАРОВ Астана қаласында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш тәуелсіз кассациялық соттың құрылуы төрелік алаңына тың өзгеріс әкелетінін айтып отыр. 

– Әрине, сот жұмысының сапасын арттыру – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Сондықтан да жаңа саяси бағытты дұрыс ұстанып, біз жоспарлау көкжиегін кеңейтіп, Ата заңнын аясында заңды тұрғыда серпіліс жасауымыз керек. Мәселен, келесі жылы елімізде кассациялық сот құрылады. Кассациялық соттарды құру мәселесі сот саласының ортасында ғана емес, қоғамда талқыланғаны белгілі, — деп түсіндірді Жанат Саматұлы.

Осылайша, жаңа кассациялық соттарды тәжірибеге енгізудің заңдық тәртібі реттеліп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңына сәйкес, «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі» туралы заң жаңғыртылды. Аталған құжатта сот төрелігінің сапасын жақсарту, судьялардың кәсіби біліктілігін көтеру, олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған тетіктер де тиянақты қарастырылған.

Сот төрағасының айтуынша, бұл реформа Қазақстанның сот жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында жүзеге асырылды.

–Кассациялық соттарды Қазақстан Республикасының Президенті өңіраралық сот мәртебесімен құрады. Олар сот істері мен материалдарын кассациялық сатыдағы сот ретінде қарайтын, сот практикасын зерделейтін және оның қорытындылары бойынша төменгі тұрған сот сатыларының сот төрелігін іске асыруы кезінде заңдылықтарды сақтау туралы сараптама жүргізетін, сондай-ақ заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асыратын болады, — деді ол.

Сот жүйесіндегі мұндай жаңашылдық – елдің құқықтық жүйесінің жетілдірілуі мен сот төрелігінің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Жаңа өзгерістерге орай келесі жылдан бастап Астанада үш кассациялық сот жұмысын бастайтын болды. Сол кезде Жоғарғы Сотта қаралатын кассациялық істер де тоқтатылады. Кассациялық соттар сот төрелігі жүйесінің жоғарғы деңгейінде орналасып, төменгі сатыдағы соттар қабылдаған шешімдердің заңдылығы мен негізділігін тексеруге жауап береді.

– Бұл институттың дамуын бірнеше негізгі кезеңдерге бөліп қарастыруға болады. Кассациялық соттарды құрудың мақсаты мен маңызына келер болсақ, сот жүйесін цифрландыру мен халықтың соттарға деген сенімін арттыру мақсатында заманауи технологиялар мен инновациялық әдістер қолданысқа енгізілуде. Соның ішінде кассациялық сот өндірісінде электрондық құжат айналымы мен онлайн-процестер белсенді түрде қолданылуда, — деді Ж.Хабаров.

Оның айтуынша, кассациялық соттың дамуы, біріншіден сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз етуге, екіншіден құқықтық дауларды шешуде әділдік пен бейтараптықты нығайтуға және құқық қорғау органдары мен тұлғалардың құқықтарын тиімді қолдануға бағытталған.

– Негізінен, кассациялық соттың тұрақты дамуы елдегі құқықтық мәдениетті арттырып, заң үстемдігін нығайтуға өз үлесін қосады деп ойлаймын, — деген сұхбаттасушымыз сот реформасының тиімділігіне тоқталды.

Сот төрелігін жетілдіру

Жаңа кассациялық соттардың құрылуы соттардың әділдігін қамтамасыз етуге және құқықтық дауларды қарауда қателіктерді болдырмауға бағытталған. Кассациялық сот шешімдердің заңдылығын тексеруге және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге ықпал етеді.

Кассациялық соттар істерді Жоғарғы Соттың тікелей қарауын азайтып, оның стратегиялық функцияларына көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Бұл сот жүйесінің жүктемесін төмендетіп, шешім қабылдау уақытын қысқартады.

Күтілетін нәтижелер

–Кассациялық соттардың құрылуы құқық қорғаудың жаңа деңгейі болып табылады, яғни ол азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың қосымша тетігін қамтамасыз етеді. Енді төменгі сатыдағы соттардың шешімдеріне күмәнданған азаматтар Жоғарғы Сотқа дейін бармай-ақ, кассациялық деңгейде өз құқықтарын қорғай алады, — деп түйіндеді Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Жанат Саматұлы.

Сот жүйесінде кассациялық соттардың құрылуы азаматтық және қылмыстық істерді қараудағы әділдікті қамтамасыз етеді. Мұндай реформа сот жүйесіне деген сенімді арттырады және сот тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Сайып келгенде, бұл реформа елдің құқықтық дамуы мен демократиялық принциптерді нығайтудағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Демек, сот жүйесіндегі барлық оң өзгерістер жалғасады және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді деген сенім бар.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT