Жыл сайын облыста ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларының көлемі көбейіп келеді. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасынан алынған ақпараттарға сүйенсек, 2024 жылға өңірде шаруашылық субъектілерін субсидиялауға бюджеттен 3 548 млн. теңге қаражат қаралған. Оның ішінде мал шаруашылығына – 1931,8 млн. теңге, өсімдік шаруашылығына – 446,2 млн. теңге, агроөнеркәсіп кешенін инвестициялық субсидиялауға – 746,5 млн. теңге, сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға 556,2 млн. теңге қаржы бөлінді.
–Жыл басынан бері инвестициялық субсидиялауға бағытталған қаражаттың 663,8 млн. теңгесі игерілді. Шаруашылық субъектілерінен барлығы 182 өтінім қабылданып, оның 102-і қанағаттандырылды шаруашылық субъектісі қаржыландырылды. Бұдан бөлек, отандық кәсіпорындарда шығарылған ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарын алуға қабылданған 104 өтінім бойынша 125 бірлік техника мен жабдықтар сатып алынды. Басқа да жабдықтар үшін 35 өтінім арқылы жабдықтар сатып алынып, субсидияланды. Суландыру технологияларына қатысты 26 өтінім қаржыландырылды. Сондай-ақ, ұңғымаларды қазумен байланысты 7 өтінім қанағаттандырылып, субсидиямен қамтылды, — деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқарма басшысы Амангелді Саламат.
Осылайша, мемлекеттік қолдау шараларының күшейтілуі мен бөлінетін қаржының көбейтілуі өндірілетін өнім көлемінің ұлғаюы мен мүмкіндіктің молаюына септігін тигізуде.
Медицинадағы межелі істер
Бүгінде облыста 139 дәрігер жетіспейді. Мәселен, ресми ақпараттарға тоқталсақ, осы жылдың 9 айында 107 дәрігер жұмысқа қабылданса, түрлі себептермен 224 дәрігер жұмыстан босатылды. 173 зейнеткерлік жастағы дәрігер жұмыс жасайды.
Бүгінгі таңда негізінен акушер гинекологтар, жалпы тәжірибелі дәрігерлер, терапевттер, хирургтар, сәулелік диагностика дәрігерлері тапшы болып отыр. Ауылдық елді мекендерде 9 жалпы тәжірибе дәрігері, 3 акушер гинеколог, 3 терапевт маманға сұраныс жоғары.
Ағымдағы жылдың қорытындысымен облыстағы дәрігерлердің 213-і босану және бала күтімі бойынша демалыста отырғаны анықталды. Оның 45-і — 2022 жылдан бері, 82-сі 2023 жылдан бері әлеуметтік демалыста, 2024 жыл басынан бері қазіргі уақытқа дейін 86 дәрігер әлеуметтік демалысқа кетіп отыр. Олардың тек 50-і ғана биыл жұмысқа қайта қосылды.
Қоршаған ортаны қорғау шаралары
Атырау облысында қоршаған ортаға қатысты экологиялық мәселелер күрделі күйінде қалып отыр. Негізгі мәселелер қатарында Каспий теңізінің және Жайық өзенінің тартылуы, атмосфералық ауаның өндірістік зиянды заттармен ластануы, жер асты суларының ластануы, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару және елді мекендерді құм басу сияқты проблемалар бар.
Жауапты мекеме өкілдерінің хабарлауынша, облыс әкімдігі Қазақстан Республикасы Экология, табиғи ресурстар министрлігімен бірлесе отырып, өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасын қабылдады. Аталған жоспар аясында 38,3 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде республикалық бюджеттен 34,1 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 4,2 млрд. теңге және жеке инвесторлардың есебінен 9,7 млрд. теңге қарастырылған.
Бұл шаралар аймақтағы экологиялық заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуге, табиғатты қорғау талаптарын орындауды бақылауға бағытталды.
– Әкімшілік жауапкершілік және салынған айыппұлдар туралы айтар болсақ, экология департаменті 2024 жылдың 11 айында 163 әкімшілік іс қозғады. Оның ішінде 10 іс сотқа жолданып, сот шешімімен 22 миллиард 20 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Қалған істер бойынша департаменттің қаулысымен 19 миллиард 617 миллион теңге көлемінде айыппұл белгіленді. Жалпы алғанда, 2024 жылы экологиялық заңнаманы бұзғандарға салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 41 миллиард 638 миллион теңгені құрады, — дейді Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ерлан Есенов.
Зиянды шығарындыларды азайту жұмыстары
Экологиялық төлемдерді қоршаған ортаны қорғау саласындағы нақты проблемаларды шешуге жұмсау мақсатында, жергілікті бюджетке түскен қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлем сомасы 2022 жылы — 13,4 млрд. теңге, 2023 жылы 9,49 млрд. теңгені құрады.
2024 жылға қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін жергілікті бюджетке түсетін төлемнің жалпы сомасы 5,9 млрд. теңгені құраса, ағымдағы жылғы 1 желтоқсанға 8,7 млрд. теңге болды.