Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында жастарды еңбексүйгіштікке баулу, жұмысшы мамандықтарына қызығушылықты арттыру мақсатында 2025 жылды жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялады. Мемлекет басшысы: «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Халқымызда: «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады», деген болатын.
Президентіміз келтірген мақал еліміздің мұнай-газ саласында жұмысшы мамандарды дайындауда өзіндік орны бар «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясына қаратып айтылғандай көрінеді. Бұл кәсіпорын жұмыстың көзін, байлықтың өзін тауып, елімізге инвестиция құйған бизнестің алғашқы қарлығаштарының бірі. Жаңа кен орындарын ашып, ел игілігін еселеді. «Теңізшевройл» – Атырау облысы Жылыой ауданындағы Теңіз және Королев кен орындарында шикі мұнайды, құрғақ газды және күкіртті барлауды, игеруді, өндіруді және өткізуді жүзеге асыратын қазақстандық компания. 1993 жылы сәуірде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «Шеврон» корпорациясы арасындағы келісім нәтижесінде құрылды. Содан бері облысымыздың өркендеп дамуына зор үлесін қосып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, еліміз нарықтық экономикаға көшкен заманда бұрын-соңды болмаған қиындықтар кездесті. Жас мемлекетіміз оның бәрін өз күшімен еңсерді. Сол кезде мұнай-газ саласының көп көмегі тиді. «Жоқтықта жеген құйқаның дәмін тоқтықта ұмытпа», дейді дана халқымыз. Сын сағатта ТШО еліміздің бюджетін толтырып, әлеуметтік-экономикалық жағдайымызды жақсартуға, қайырымдылық пен демеушілік шараларын атқаруға атсалысты. Оны қалай ұмытамыз? Сонымен қатар, жергілікті жұмысшылардың мұнай-газ саласын игеруіне көп көмегін тигізді. Қазақстанның бағына біткен өндіріс орны бола білді. Мысалы, бірінші кезекте жергілікті жұмысшы кадрларды – слесарлар, құрылысшылар, операторлар және т.б. еңбек иелерін дайындап шығарды. Жұмыссыз қалған қаншама адамдар осы компанияда еңбек етіп, жағдайын түзеп, болашағын қалыптастырды. Компанияның келешек кеңею жобасы – ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасы (ККЖ-ҰЕҚБЖ) құрылысының шарықтау шегінде 90000 қызметкерді жұмысқа тартқан кездері болды. Олардың басым бөлігі жергілікті жұмысшы мамандықтарының өкілдері. Айта кетейік, «Теңізшевройл» Атырау облысы әкімдігімен өзара келісім негізінде еңбек нарығындағы жұмысшы мамандарына деген сұранысты ескере отырып, 2019 жылдан бастап осы уақытқа дейін облыстың жұмыссыз тұрғындарын түрлі жұмысшы мамандықтарына оқытуға демеушілік көрсетті. Соңғы 6 жылда 12 мамандық бойынша 2612 адамды оқытудан өткізсе, оның 2025-ы жұмысқа орналасқан. Қазіргі күні компания екі мыңнан аса адамды жұмыспен қамтып отыр. ТШО-да 20-30 пайыз нәзік жанды жерлестеріміз де басшылық, инженер, аспаз, күзетші және басқа да жұмыстарды атқарады. Сол арқылы нәпақасын тауып, көштен қалмай ғұмыр кешуде. Қыз-келіншектердің де жұмыс істеуіне қолайлы орта қалыптастырылған.
Солардың бірі Айша Жолдыбаева Теңіз кен орнында кәріз суларын тазарту қондырғысының инженері болып жұмыс жасайды. Бұған дейін түрлі лауазымдарда еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған Айша қазір кәріз тазарту қондырғыларында (КТҚ) маңызды қызметті абыроймен атқарып жүр. Оның кәсіби шеберлігі мен адалдығы бүкіл нысанның үздіксіз, сенімді жұмысын қамтамасыз етеді. ТШО-да қайта өңделген суды үнемдеп, технологиялық қажеттіліктерге пайдаланатын қондырғылардың жұмыс барысы осы маманның қызметіне тікелей байланысты. Жұмысы туралы Айша:
– Бұл жерден тазарту қондырғысы бастау алатын құбырлар өтеді. Мұнда біз өзіміздің тұрғын қалашықтардан келетін кәріз суларды аламыз. Осында тұрған реакторларды біздің нысанның жүрегі деуге болады. Реакторларда ағынды суларды белсенді лайдың көмегімен биологиялық тазарту процесі жүреді. Айтпақшы, өткен жылы Теңізде қайта өңделген су көрсеткіші 48 пайызды құрады. Менің ойымша УФ-1 –мен бірдеңе жасай аламыз, тренді төмендеу болып тұр. Бұл жұмыста мен нысанның өзіндік ерекшелігін атап өткім келеді, яғни, сіз мұнда қанша уақыт өткізсеңіз, сонша жаңа ақпаратты үйренесіз. Сондай-ақ, өзіңіз үшін көптеген қызықты мәліметтер мен нюанстарды таба аласыз. Сондықтан бұл жас қызметкер үшін жақсы тәжірибе деп ойлаймын. Жалпы, бұл жұмыста бәріміз бірдейміз. Біз бір жұмысты атқаратын әріптестерміз. Айтайын дегенім мұндағы адамдар мейірімді және ашық. Олардың көпшілігі өз тәжірибелерін жастармен бөліскісі келеді, адамдарға тезірек үйренуге көмектескенді қалайды, – дейді ризашылығын жасырмай.
Әрине, қандай жұмыста оны атқарушыларға жағдай жасалғанда ғана жақсы жүретіні ақиқат. Жалақысы қызығарлықтай болса, еңбек етуіне барлық жағдай туғызылса ешкім жұмыстан қашпайды. Мұнай саласына бет бұрғандардың дені шетелдік компанияларда, соның ішінде ТШО-да жұмысшы болып орналасуға тырысады. Оның себебі де жоқ емес. Теңіз кен орынында американдықтар өздері үшін де, жергілікті жұмысшыларға да барлық жағдайды жасаған. Бұл компанияда облысымыздың қатал климаты ескерілген. Мұнда жұмысшылар 28 күн еңбек етіп, сонша уақыт демалады. Компанияның бекітілген кестесі бойынша таңғы 5:30-да таңғы ас ішіліп, содан кейін жұмыс орындарына шығу басталады. Теңізде вахташылар үшін ең жақсы тамақтану жағдайлары бар. Бір таныс жігіт: «Асханада тамақтың неше түрі самсап тұрады. Оларды ауылдан көрмейсің. Алғашқы кезде барлық түрінен алып жүрдік, ешкім қолыңнан қақпайды. Сосын оны жеп тауыспай жұмысқа кететінбіз. Содан кейін өзіміздің қажетімізге қарай алуға көштік», дегені бар әңгіме барысында. Аталған азаматтың айтуынша америкалық басшылар арнайы жұмыс киіміңде сәл ғана жыртық пайда болса сол бойда ауыстырған. Аптасына 1-2 рет жаңа жұмыс киімін беріп тұрған. Енді жұмысшылардың тамақтану жағдайына келсек, таңертеңгі сағат 10-да 20 минуттық кофе-брейк. Түскі тамақ сағат 12-ден 13-ке дейін созылады. Содан кейін сағат 16.00-де тағы бір кофе-брейк бар. Жұмыс сағат 18.00 - де аяқталады. Автобуспен барғандар жатақханаларға оралады.
ТШО-да жұмыс жасаудың тәрбиелік мәні де бар. Жасыратыны жоқ, ауылда арақ ішуден аузы босамайтын, ісіп-кеуіп жүретін жастар, вахталық жұмысқа барғанда ащы суды тастап, өңі кіріп, түзеліп қайтады. Бұрын өзін ешкімге керегі жоқ, қолынан ештеңе келмейтін адам сезінсе, вахтадан жақсы жалақымен оралғанда отбасын асырудан, жанына жақын жандарға қуаныш сыйлаудан артық бақыт жоқ екенін, өмірдің қызығы арақта емесін сезінеді. Ауылға келгеннен соң ішімдікті қойып, 28 күн түрлі жұмыстармен айналысатындар аз емес. Компанияда кейбір мамандар таңертең учаскелерге барар алдында міндетті медициналық куәландырудан (алкотест, қысымды өлшеу және т.б.) өтеді. Оң нәтиже болған жағдайда – дереу жұмыстан шығарылады. Тәртіп қатал, ішімдік ішіп, қызара бөртіп жүруге жол жоқ. Сол сияқты мінез көрсетіп, «тентектік» құрғысы келгендерді де мұнда ұстамайды, бірден қайқайтады. Жалақы 500 мыңнан миллионға дейін. Бұдан төмендеу және жоғары алатындар бар. Бұл мамандығы мен ТШО құрамындағы серіктес компаниялардағы («Шеврон», «ҚазМұнайГаз» АҚ» ҰК, «ЭксонМобил Казахстан Венчурс Инк», «Лукойл») қызметіне байланысты. Компания қызметкерлердің психикалық денсаулығына көп көңіл бөледі. Клиника мен психологтар бар. Вахташылардың бос уақыты жақсы ұйымдастырылған. Көбісі кешке, жұмыстан соң қалашықтағы спортзалға барады, бассейнде жүзеді, футбол, теннис ойнап, кинотеатрда фильмдер көре алады. Қоңыр салқын кафеде шөлін басып, емін-еркін отырып әңгімелеседі. Сондай-ақ, қалашықта түнгі клубтар мен пабтар жұмыс істейді. Басшылық жиі барбекю мен командалық ойындарды ұйымдастыруды жүзеге асырады.
Міне, мұнай және газ саласы жұмысшы мамандарының ұстаханасы «Теңізшевройл» компаниясы осындай мекеме. Елмен біте қайнасып, бірге дамып, өсіп-өркендеп келеді. Алға қарай да солай бола берсін дейміз.
Айнагүл Шакупова