Жұмысшы мамандықтар жылы: сұранысқа ие кадр даярлауға не кедергі

Жұмысшы мамандықтар жылы: сұранысқа ие кадр даярлауға не кедергі
(0 Votes)

АСТАНА. KAZINFORM – Жұмысшы мамандардың мәртебесі олардың мәселесін реттеумен шешіледі. Мәжіліс депутаты бұл ретте дәйексіз статистиканың салдары барын алға тартады. Тағы бір кемшін тұс - кәсіптік бағдар беру әлі жүйеленбеген. Содан барып жас мамандар жұмыс таба алмай жүреді.

- Мамандық бойынша жұмыс жоқ болса, несіне мұндай мамандықтарды оқытады? Осыдан 4 жыл бұрын «елде көлік өндірісі дамиды» деген үміт бар еді. Сондықтан ұлым транспорт факультетінің машина құрастыру мамандығына түскен. Бұл мамандық бойынша тіпті тәжірибеден өтетін жер жоқ. Биыл бұйырса бітіреді. Зауыт жоқ. Қайда жұмысқа барады?» - деп базынасын жеткізген Facebook әлеуметтік желісін қолданушы Гүлнәр Сейітқазы.

Бұл - басы ашық проблема. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оған жеке тоқталып, әкімдерден жүйелі жұмыс талап етті.

– Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Олар кәсіпкерлермен бірлесіп, аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтау керек. Сондай-ақ сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет, - деді Президент.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың пікірінше негізгі проблема – күмәнді статистикада. Ол нақты деректі бүркемелемей Қазақстанда жұмыссыздықты үлкен проблема ретінде көрсететін уақыт жеткенін айтады.

– Жұмысшы мамандықтарға жастар арасында сұранысты арттыру үшін жалақы мәселесін шешу керек. Мамандықтар арасындағы жалақы диспропорциясын Үкімет реттеуі тиіс. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, жұмыссыздар саны соңғы 15 жылда 4-5% екен. Сонда шамамен 400 мың адам. Ал, халықаралық ұйымдар Қазақстанда 1 млн жуық азамат жұмыссыз деп көрсетті. Егер Үкімет осындай нақты ақпараттармен жұмыс істесе бағдарламасын өзгертеді. Үкімет уақытша жұмыс орындарын ашумен ғана бос орындарды жауып отыр. Бұл - концептуалды мәселенің шешімі емес, - дейді ол.

Сонымен, жұмысшы мамандықтар жылында 70 бағыт белгіленді. Соның 33 қадамы бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекетпен бірлесіп жұмыс атқарады. Мәселен, мемлекеттік тапсырыс бөлу, дуальды оқыту, қайта даярлау және сертификаттау мен кадр тапшылығы бойынша сауалнама жүргізіледі.

– Жұмысшы мамандықтар жылына қатысты ең бастысы – балаларға кәсіптік бағдар беру. Бірақ, біз бұны 2014 жылдан бері мемлекетке айтудай-ақ айтып келеміз. Бағдармен қатар кәсіптік дағдыларды айқындау қажет. Бірізді жүйеге келтірген жөн. Қазір түрлі жеке компаниялар диагностика жүргізеді. Егер мемлекет мектептерде ерте кәсіптік бағдар беруді нықтап қолға алса, қазір біздің еңбек нарығында қажет мамандар сұрағы тумас еді. Әрине, түбегейлі бейәрекет демейміз. Тек бұл жұмыс әлі күнге толық жүйеленбеген, - дейді «Атамекен» ҰКП адами капиталды дамыту департаментінің бірінші санаттағы сарапшысы Динара Шәріпбаева.

Айтуынша, кәсіптік бағдар беру мамандарын даярлау бойынша ұсыныс жасалған. Бірақ, олардың біліктілігін арттыратын курстар, әдістемелік нұсқаулық жоқ. Балалармен ерте жұмыс жүргізу үшін арнайы платформа ұйымдастырылмаған.

– Кәсіптік бағдар берушінің біліктілігі жөнінде сертификаты болуы тиіс. Бұған қоса, психолог мамандығын да меңгергені абзал. Мысалы, Германияда оқушылар жұмасына 2 рет әр мамандық бойынша жұмыс істеп көреді. Қолынан не келеді, қабілетіне сай ма? Ақыры өздерін қызықтырған кәсіпке баулып шығарады. Сондай оқу орталығы бізде ашылса керемет болар еді, - дейді ҰКП өкілі.

Елде 770-тен аса колледж бар. 500 мыңнан артық студент білім алады. Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің басқа деңгейден ерекшелігі - тәжірибеге негізделген: тәжірибе - 60%, ал теория - 40%.

Статистикаға сүйенсек, 70%-дан астам студент жұмысқа орналасқан. Жұмыс берушінің талабына сәйкес білім беру кәсіби стандарттарға сәйкестендірілген.

– 70 іс-шараның ішінде басымдық берілген бағыттың бірі – осы кәсіби бағдарды жүйелеу. Өңірлердегі жаңа мамандықтар атласы аясында жұмыс жүргізіледі. Сондай-ақ мектеп оқушылары 100% кәсіби бағдар диагностикасынан өтеді. Кімнің, неге икемі бары анықталады, - дейді «Талап» коммерциялық емес АҚ басшысы Санжар Тәтібеков.

Айтуынша, Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасымен «Үлкен маман» деген жоба жүзеге асып жатыр. Еңбек министрлігінің «Мансап компас» бағдарламасы қолға алынған.

- Шамамен қазір 6000-ға жуық кәсіби бағдар жүргізетін маман бар. Бірақ, оның мектептердегі жұмысын жүйелеу қажет. Сондықтан мектептерде кәсіби бағдар аясында профильдік класстар ашу көзделген. 1000-ға жуық профильдық класс ашылмақ. Сондай-ақ «Талапкер» деген үлкен жоба бар. Біздің басты мақсатымыз - кәсіби бағдар көрсету арқылы мектепте де, колледжде де балаларды дұрыс бағыттап, заманауи мамандықтарға икемдеу, - дейді Санжар Тәтібеков.

Жуырда жұмыспен қамту барысы қалай жүреді деген жаһандық есеп шыққан. 2030 жылға дейін әлемде 60% жұмыс беруші цифрлық құзыретке басымдық беріп, трансфармация жасайды.

– Жасанды интеллекті біздің кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде жүзеге асырылады деген ойдамыз. Мысал ретінде Астананың политехникалық колледжінде өз «Мета аватарын» жасап, балаларға түсіндіріп жатқан педагогтеріміз бар. Сондай элементтер еңгізіледі, - дейді Санжар Тәтібеков.

Осы жерде бір түйткілге ерекше мән беру керек. Колледжердегі мамандарды тек зауыт пен фабрикаға даярлау - дұрыс емес.

– Ең көп тапшылық - шағын-орта бизнестегі кадрлар. Қызмет көрсету, туризм дейміз. Нарықтық экономика болғаннан кейін қазір қоғамда жеке кәсіпті дамытуға ден қойылған. Демек, соларға да мамандар қажет, - дейді Динара Шәріпбаева.

Президент те бизнес бұл салаға көбірек келуі үшін техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі артатынын айтты. Оның мөлшері де біркелкі болады. Бұған биыл бюджеттен қосымша 22 млрд теңге бөлінбек.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT