«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі

«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі
(0 Votes)

Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында Астанада техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ең ауқымды іс-шара – «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өтті. 5 күнге созылған фестивальге Индер көп бейінді ауыл шаруашылығы колледжінің студенттері мен мектеп оқушылары қатысып келді.

Шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, тау-кен, металлургия, мұнай-газ, құрылыс, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа салаларға маман даярлау үдерісімен танысты. Сондай-ақ Президентке еңбек нарығындағы сұранысқа және әр өңірдің ерекшелігіне қарай кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарын трансформациялау мысалдары баяндалды. Шараға қатысқан Президент атом электр стансасы секілді ірі жобаларды жүзеге асыру қарсаңында сапалы білім мен кәсіби дағдыны меңгерген мамандар өте қажет екенін айтып, өңірлерден келген жастармен жүздесіп, кез келген еңбек қадірлі, құрметке лайық екеніне назар аударып, жастарды аянбай еңбек етуге шақырды.

Фестиваль аясында бірнеше күн бойы түрлі семинарлар, шеберлік сағаттары, инновациялық сессиялар мен жұмыс жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Алғашқы екі күнде іс-шараға 15 мыңнан астам адам келген.

- Елімізде жұмысшы мамандықтарды даярлайтын оқу орындары аз емес. Кәсіптік білім берудегі жаңашылдықпен жұмыс істеуге бетбұрыс жасаған еліміздегі 100 білім ордасының бірі ауданымыздағы Индер көпбейінді ауылшаруашылық колледжінің педагогтары мен студенттері де техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ең ауқымды шараға қатысып келді. Бұл шара жұмысшы маман дегеніміз - қара жұмысшы емес, жаңа технологиялармен жұмыс жасай алатын, болашақта елдің экономикасын көтеретін, өндірістермен байланыс жасап, тәжірибе жинақтау арқылы білікті маман бола алатын маман иесі болу керектігін бізге дәлелдеп көрсетті. «Самұрық қазына, «Қазақмыс», «Астана Motors» өндіріс процесіндегі жаңа технологиялардың қолданылуы, мамандарға ортақ тәжірибе, инновациялық идея, болашақтың жоспарларын жасауға мүмкіндік алатындығын көрсетіп, жастарға жаңа мамандықтармен танысып, қызығушылықтарын арттыруға көп үлесін қосқан шара болды, - дейді Индер көп бейінді ауыл шаруашылық колледжі директоры Гүлфара Абенова.

Астанадағы фестивальге Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, С.Сейфуллин, Б.Нысанбаев, Махамбет, «Көктем» қазақ орта мектебінің 9-11 сынып оқушылары да қатысты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT