Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру маңызды екенін атап өтті. Осы орайда биыл сала мамандықтарына бөлінген мемлекеттік тапсырыс 10 мың орынға көбейді.
Оның ішінде, 65 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. «Жұмысшы мамандықтары жылында» еңбекқорлық пен кәсіби маман қалыптастыру идеясы дәріптелуде. Президент осы орайда «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау қажет. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы біз қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік идеяларын насихаттаймыз» деген болатын. Облыста бүгінгі таңда мемлекеттік білім беру тапсырысы өткен жылдармен салыстырғанда 1 100 орынға ұлғайтылып, 9 244 орынды құрады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінде жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет екенін баса айтты. «Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс. Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам» деп атап өтті. Сол себепті, Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялады. Бүгінде осы бағытта аймақта мамандарды сапалы даярлау мақсатында «Жас маман» жобасы сәтті қолға алынуда.
А.Күнұзаққызы