KAZINFORM – Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауат негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу керегін айтқан еді. Бұл жұмыстар «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында пилоттық режимде басталды. Жоба жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева қаржылық сауатты қалыптастыруға Финляндия мен Эстония тәжірибесі қалай көмектесетінін айтып берді.
«Өткен жылы «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыра бастағанда, халық арасында несие мен қарыз проблемасының қаншалықты ауқымды екенін көрдік. Ақшаны дұрыс тұтыну мәдениетін бала кезден қалыптастыру керек екенін түсіндік. Сондықтан мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында қаржылық сауат пәнін қосу қажет болды. Өткен жылдың қазан айында жол картасы әзірленіп, Оқу-ағарту министрлігімен және Жоғары білім және ғылым министрлігімен ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді. 2024 жылдың басында балалар мен студенттерге қаржылық сауат пәнінің білім беру базасын дайындаумен айналысатын жоба әдіскерлерін іріктеп алдық», - деді А. Бекмұрзаева.
Оның айтуынша, әдістемелік топ мектептерде, колледждерде және ЖОО-дағы барлық білім базасын зерттеп, Қазақстанда қаржылық сауат дербес пән ретінде оқытылмайтынын анықтаған.
«Біздің топ халықаралық тәжірибені зерттеп, Финляндия мен Эстонияға сапарлауды ұйғарды, өйткені Эстония 2022 жылы PISA нәтижесі бойынша қаржылық сауаттан бірінші орынды иеленген. Финляндия мен Эстонияда қаржылық сауат барлық пәндерге интеграцияланған. Қаржылық сауатты оқыту балабақшадан басталады, онда балалар дүкенге бару, ақша жұмсау, қайтарым, чек, тұтынушы құқығы секілді практикалық мысалдармен үйренеді. Бастауыш сыныпта балаларға әлеуметтік жауапкершілік туралы айтылады, егер кездейсоқ аялдамаға, мемлекеттік мүлікке залал келтірсе не болатыны, ол үшін ата-анасы қанша айыппұл төлейтіні түсіндіріледі. Бұл біздің қоғам үшін өзекті мәселе – вандализмнің салдарын түсінуге көмектеседі», - деді сарапшы.
Жоғары сыныптарда бизнес арқылы қаржылық сауат оқытылады. 9-12 сынып оқушылары өз бизнесін ашады, өнімдер жасайды, маркетингтік стратегиялар әзірлейді және капиталға үлес қосатын және дивидендтер алатын инвесторларды тартады.
«Онда тегін гранттар жоқ және балалар бизнестің жауапкершілігін түсінеді. Бұл жүйе оларға мұның оңай ақша емес, қайтарылатын инвестиция екенін түсінуге көмектеседі. Финдер бір кездері ЖОО-дағы қаржылық сауат пәнін алып тастағанын, соның салдарынан халықтың несиеленуі артып кеткенін айтты. Яғни олар қаржылық сауат мемлекеттік саясаттың бір бөлігі болуы керек және балабақшадан басталуы керек деген қорытындыға келді. Әрине, Еуропа елдерінің де өз проблемалары бар, бірақ біздікінен азырақ. Онда барлығы жұмыс істейді, өз ісімен айналысады, және осы тәрбие нәтижесінде балалар ешкімнен ештеңе күтпейді. Олар өз өмірі үшін толық жауапкершілікпен өседі, қоғамның тиімді азаматына айналады, әлеуметтік жауапкершіліктің не екенін түсінеді», - деді спикер.
Биыл Қазақстанда 7,5 мыңға жуық мұғалім қаржылық сауат бойынша біліктілігін арттырған.
«Біз бұл жүйені бірден енгізбедік, алдымен сынақ режимінде іске қостық. Сын-қатерлерді азайту және барлық мектептерге, колледждерге және ЖОО-ға енгізу үшін тұрақты жүйе құруда қателіктермен жұмыс істедік. Бұл – нормативтік құқықтық актілерге көптеген өзгеріс енгізуді талап ететін орасан зор жұмыс. Қазір қаржылық сауат курсы – екі аптада бір рет өткізілетін элективті курс. Балалардың қаржылық сауатын арттыру үшін сағаттарды қайта қарау керек. Көп нәрсе бейінді министрліктердің бұл мәселелерді қаншалықты тез және тиімді шешетініне байланысты. Олардың жұмысына байланысты біз курсты әрі қарай енгіземіз», - деп түсіндірді А. Бекмұрзаева.