Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – қоғамдағы қылмысты болдырмаудың аса маңызды шарттарының бірі.
Осы ретте, Атырау қаласының білім беру мекемелерінде республикалық «Жолда қабылдау» акциясы өткізілді.
Шараның басты мақсаты – жасөспірімдерге құқықтық көмек көрсету, жол қозғалысы саласындағы кәмелетке толмағандар жасайтын жол-көлік оқиғалары мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын-алу және құқықтық сауаттылықты қалыптастыру.
Аталған акцияға Атырау қаласы полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі және Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері қатысып, 600-ге жуық оқушымен кездесті. Акция аясында оқушыларға қала аумағынды қауіпсіздік ережелері туралы ақпарат берді, кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларына себеп болған қателіктерді мысалмен айтып түсіндірді. Әрбір мектеп оқушысы құзырлы орган өкілдеріне көкейкесті сауалдарын қойып, жауабын білді.
- Балалардың қауіпсіздігі, қоғамдық орында олардың қауіпсіз жүріп-тұруы жіті бақылауда. Соңғы жылдары жасөспірімдер мен жастар арасында мопед көлін құралын басқарып, жол ережесін өрескел бұзу деректері жиі тіркелуде. Жыл басынан бері Атырау қаласында мотокөліктің қатысуымен 135 жол-көлік оқиғасы орын алып, 67 адам әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізіліп, 6 адам қайтыс болды, - деді Атырау қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі полиция майоры Дәурен Насиполла.
Тәртіп сақшылары жол ережелерін қатаң сақтауға баса назар аударады. Мотоциклді 18 жастан бастап және жүргізуші куәлігі болған жағдайда ғана басқаруға рұқсат етілгенін еске салады, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалары үшін әр ата-анаға жауапкершілік көзделгендігін ескертеді.
Айта кетейік, «Жолда қабылдау» акциясының екінші күні 14 қыркүйекте сағат 08:30-18:30 аралығында Авангард ықшам ауданының соңғы аялдамасы маңында өткізіледі.