Бүгінгі тағылымды жиын руханият пен әдебиеттің биік мерекесіне айналды. Өйткені республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция қазақтың қабырғалы ақыны, Мемлекеттік Гимн мәтінінің авторы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналды. «Жұмекен жырлары – ғасыр үні» тақырыбын арқау еткен шараға еліміздің әр түкпірінен зиялы қауым, ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар, қоғам қайраткерлері мен жастар жиналды.
Конференцияның модераторы — Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов жиынды ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде ол Жұмекен шығармашылығының елдік санадағы орнына тоқталып.
– Жұмекен Нәжімеденов – қазақтың поэзиясын жаңа биікке көтерген, ұлт рухын сөзбен өрнектеген ақын. Оның 21 жасында жазған “Менің Қазақстаным” әні бүгінде елдің әнұранына айналды. Бұл — ұлы талант иесіне берілген ең үлкен тарихи әділдік, — деді.
Жиында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның арнайы құттықтау хаты оқылып, оны министрліктің «Геральдикалық зерттеулер орталығының» басшысы Шерхан Талапұлы жеткізді. Конференцияда Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылығы мен ұлттық әдебиеттегі орны кеңінен сөз болды. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов Жұмекен мұрасын ұлықтау – ұлтқа қызмет ету екеніне тоқталды.
–Біз Жұмекеннен қаржы аямай, оның шығармаларын шет тілдерге аударып, әлемге танытуымыз қажет. Атырау өңірі мұндай игі істі бастауға толық мүмкіндігі бар өлке, — деп атап өтіп, Жұмекеннің шығармашылығын насихаттауға қаржы мен күш аямау қажеттігін тілге тиек етіп, оның еңбектерін бірнеше шет тілге аудару арқылы ақын шығармашылығын дүние жүзіне таныту керектігін айтты. Сонымен бірге, бұл бастамаларды жүзеге асыруға Атырау өңірінің толық мүмкіншілігі жететінін де ерекше атап өтті.
Мереке Құлкенов өз сөзінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жанынан Жұмекен институтын ашу туралы ұсыныс білдірді.
Конференция аясында ақын, Жұмекентанушы Алмас Ахметбекұлының «Ұлт ұраны және Ұлы ақын» атты зерттеу кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітап тұсауын кесу құрметі автордың өзіне, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновке және ақынның қызы Қарлығаш Нәжімеденоваға ұсынылды.
Республикалық конференция барысында бірқатар мазмұнды баяндама оқылды.
Мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Сәрсенбай Еңсегенов Жұмекен шығармашылығын ұлт тарихы мен тәуелсіздік құндылықтары аясында саралап, ақынның ел жадындағы орнына тоқталды.
Ақын, зерттеуші Алмас Ахметбекұлы «Ұлт ұраны және Ұлы ақын» атты баяндамасында Жұмекен шығармашылығын философиялық және тарихи тұрғыдан талдады.
Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Светқали Нұржан «Жұмекен шығармашылығы туралы сөз» атты баяндамасында ақын поэзиясының көркемдік қуатына, ішкі драматизміне назар аударды.
Сыншы, публицист Амангелді Кеңшілікұлы «Жұмекен – ұлт ақыны» атты баяндамасында Жұмекеннің қазақ әдебиетіндегі орны мен рухани миссиясын зерделеді.
Атырау университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қадір Жүсіп «Жұмекен – биік тұлғалы талант» атты баяндамасында ақын шығармаларына ғылыми-талдамалық көзқарас ұсынды.
Конференцияның соңына қарай Жұмекеннің қызы Қарлығаш Нәжімеденова сөз алып, әке мұрасын насихаттаушы азаматтарға алғысын білдірді. Ол әкесі жайлы жүрекжарды естеліктерімен бөлісіп, тыңдаушыларды тебірентті.
Конференцияны түйіндеген Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов ақын мұрасын зерттеу мен насихаттау ісі алдағы уақытта жаңа белеске шығатынын айтып, нақты ұсыныстар мен шешімдерді жариялады.
Қорытынды қарарда ақын мұрасын жүйелі зерттеу және насихаттау мақсатында Атырау өңірінде «Жұмекен орталығын» құру, Жұмекентану бағытын дамыту үшін жыл сайын республикалық деңгейде әдеби байқаулар мен «Жұмекен оқуларын» ұйымдастыру,
ақынның шығармаларын бірнеше тілге аударып, әлемдік деңгейде таныту жұмыстарын күшейту бастамалары қарарда көрініс тапты.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ